Таяуда Баянауыл ауданында жаугершілік заманда елді қорғаған Орта жүздің батыры Тоқтас батырдың жары Сарықыз анаға арналған кесене ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты.
Қозған руынан шыққан Тоқтас батырдың кенже әйелі Сарықыз болған. Кейін олардың үш ұлы – Есенқұл, Ырыс, Көбек ұрпақтары өздерін Сарықозған деп атайды. Бұл мәліметтерді Григорий Потаниннің еңбектерінде де, Щербина экспедициясының 1903 жылы Воронежде басыл-
ған зерттеу материалдарынан да байқауға болады. Бүгінде бұл әулеттің ұрпақтары Ақмола облысында тұрады.
Сарықыз ананың жерленген жерін 1878 жылы жасалған картадан тауып берген белгілі тарихшы, өлкетанушы Дәурен Аяшиновтің сөзінше, Сарықыздың өмір сүрген жылдары шамамен 1690-1770 жылдар. Бұл деректер Тоқтас батырдың кіші әйелімен бірге (XVIII ғасырдың 30-жыл-
дары) қалмақтардан азат етілген Баянауыл жеріне қоныс аударуы туралы аңызбен де, шежірелік деректермен де сәйкес келеді.
— Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Сарықыз ана Баянауыл жерінде жерленген. Бұл жерде барлық баласы мен немерелері қоныстанған. Кезінде Сарықыз ана Тоқтас батыр дүниеден өткен соң тұрғындарға көмек көрсетіп, демеу болған. Кейін өзі қайтыс болғаннан кейін ел азаматтары бірлесіп, ел анасының құрметіне мазар тұрғызады. Бүгінде мазардың 30 пайызы сақталған. Ені шамамен — 4 метр, биіктігі 5 метр болатын күмбезді мазар домалақ пішінді күйдірілген саз кірпіштен тұрғызылған. Ерітінді ретінде арнайы қоспаны қолданғанға ұқсайды. Өйткені, буындарда жылқының жүні мен сары органикалық материалдың дәндері бар, — дейді өлкетанушы.
Мазардың сақталған бөлігінен негізгі залдың кең және 2 метрдей биіктікте күмбезге айналғанын байқауға болады. Мазардың жанында ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі кезеңге тән 10-ға жуық бейіт (тас үйіндісі) бар. Олардың біреуі көлемі жағынан ерекшеленеді.
Екі-үш жыл аралығында өңір тарихын зерттеп жүрген қозған азаматтары Маңғыстау облысынан арнайы ақ тас алдырып, Сарықыз анаға арнап зәулім кесене тұрғызды. Жанына Баянауылдың табиғи тасынан белгі қойды. Кесененің бой көтеруіне
қаржылық жағынан ел азаматтары үлес қосты.
Кесененің салтанатты ашылуында алдымен Сарықыз ананың рухына дұға бағышталып, оның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға сый-сыяпат жасалды. Аталған шара түрлі сөз шеберлерінің жарысында үздік нәтиже көрсетіп жүрген ақындардың айтысымен жалғасты. Сөз сайысының нәтижесі бойынша, Нұрғанат Қайрат пен Рауан Қайдар жүлделі бірінші және екінші орынды бөлісіп, қозған ұрпақтары оларға құнан мен дөнен жылқы мінгізді. Ал үшінші орынды павлодарлық айтыскер Абзал Қабдраш еншіледі. Сөз жарысына белсене қатысқан өзге ақындар да ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Айтулы шара қазақ күресі, аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге секілді қазақтың ұлттық ойындарымен аяқталды.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Баянауыл ауданы.