Ұлт даналығында «Құдық қазған, көпір салған және ағаш еккен» деген үш сауап бар. Бүгінде Павлодар қаласында сол сауаптың ең күрделісі және маңыздысы орындалуда. Атап айтсақ, көктем келісімен облыс орталығында жаңа көпірдің құрылысы басталды. Алайда, ел мен елді қосатын бұл көпірдің құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін. Неге?

Естеріңізге сала кетсек, жаңа көпірді жобалау 2019 жылы басталған. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі қазіргі таңда барлық жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мердігерлік ұйым — «Казахдорстрой» ЖШС құрылысты үш жыл ішінде аяқтауға міндетті. Яғни, 2026 жылға қарай қазіргі заманғы төрт жолақты көпірді пайдалануға беру жоспарлануда.

— Жаңа көпір ескі көпірдің оң жағында орналасады. Жалпы ені 2,7 шақырым, көпірдің өзі 691 метр биіктікті құрайды. Көпір экстрадоздық типте, яғни вертикалдық жүк тікелей тіреу бағаналарына қарай бағытталады. Сол себепті көпірдің «өміршеңдігі» артады. Көпір алты бағанаға сүйенеді. Оның екеуі жағада, төртеуі аралықта орналасады. Аралық бағаналардың ені — 150 метр. Бұл өз кезегінде кеме жүрісіне жағдай жасайды. Негізгі салмақты пилондар ұстайды. Көпір аспалы болады, — дейді «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпір өткен ғасырдың 60 жылдары бой көтерген. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кетсе де, әлі күнге дейін қолданыста. Мамандар бұл көпірдің әбден тозығы жеткенін айтады.  Ширек ғасыр бұрын бой көтерген өткел ауыр жүк көліктерін көтермейді. Сондықтан бұл көпірге салмағы 10 тоннадан асатын техникалардың қозғалысына шектеу қойылған. Осы және өзге түйткілдерді ескере келе, Павлодар облысына іссапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір құрылысын кешіктірмей бастауды тапсырған еді. Осыған орай жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жаңа көпір алаңына барып, құрылыс барысымен танысты.

Депутаттар аталмыш жоба құнының айтарлықтай өсуіне баса назар аударды. Бастапқыда бюджет құны 38 млрд теңгені құрады. Бірақ құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты мердігерлер оны екі есе, яғни 73 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды сұрап отыр. Қазіргі уақытта жаңа смета түзетуден және мемлекеттік сараптамадан өтуде. Халық қалаулылары бұл мәселені ерекше бақылауға алатынына сендірді. Алайда, қосымша қаражат бөлу мәселесі уақытты талап ететіні белгілі. Сол себепті аталмыш құрылыстың тапсырылу мерзімі кейінге шегерілуі бек мүмкін. Десе де, мердігерлік ұйым өкілдері ел бюджеті есебінен тиісті қаражат бөлінсе, көпір құрылысы уақытылы аяқталатынын айтады.

— Жалпы, көпір салғанда отандық құрылыс-жабдықтарын пайдаланамыз. Мәселен, қосалқы бөлшектер мен екі тіректің арасына орнатылатын бетонды бөренелер қолданылуда. Бүгінгі таңда құрылыс алаңында қадалар орнатылды. Барлығы — отандық өнімдер. Жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасына жақында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Себебі тиісті құжат әзірленген уақытта құрылыс материалдарының бағасы басқа болатын. Бүгінде бұл бағалардың 15 пайызға өскені анықталды. Осыны ескере отырып, жоба құжаты қайта қаралуда. Егер қосымша қаражат уақытылы бөлінсе,  нысанды тапсыру мерзімі кестеге сай өтеді, — деді мердігерлік ұйым өкілдері.

Ескі апаттық көпірді бөлшектеу жаңа нысан пайдалануға берілген соң бір жылдан кейін жоспарланған. Инфрақұрылымдық жоба Павлодар мен бүкіл өңір үшін маңызды мәнге ие. Оның ішінде көлікке қолжетімділік пен қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға арналған.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.