Шарбақты ауданында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қолға алынған болатын. Алайда тиісті жұмыстар мерзімінен кешіктірілуде. Ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары әлі басталмаған.

«АМАNАТ» партиясы комитетінің мүшелері Павлодар және Шарбақты аудандарының фельдшерлік пункттердің құрылысын тексеріп шықты. Шарбақты ауданындағы Арбиген ауылында салынып жатқан ғимараттың құрылысы комиссия мүшелерін алаңдатты. Себебі, жұмыс кестеден кешігіп жатыр.

– Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 24 тамызда аяқталуы керек, бірақ қазіргі уақытта тек қабырғалары қаланып, терезелері орнатылған. Ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Бұлай жалғаса берсе, нысан пайдалануға уақытылы берілмеуі мүмкін, – деді «АМАNАТ» партиясы орталық аппаратының директоры Дәурен Бижұманов.

Мердігерлер бұл жағдайды жергілікті биліктің электр қуатын қоспауымен түсіндіреді. Дәурен Бижұманов аталған мәселенің барлығын облыстық партиялық бақылау комиссиясы мен «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалы бақылауға алғанын айтты.

Фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жол картасы» аясында жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында республикалық партиялық бақылау комитетінің отырысы жоспарланған. Жиында медициналық пункттер құрылысын жүзеге асыру мәселелері қаралмақ.

Бұдан басқа, Павлодар ауданының Толыбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт қайта жаңғыртылуда. Жұмыс уақытылы орындалып жатыр. Комиссия электр қуатын өшіру кезінде жылыту жүйесінің істен шығуына жол бермеу үшін резервтік қуатты орнатуды ұсынды.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.