Аудандық білім беру бөлімі балалар шығармашылық және бос уақытты қамту орталығымен бірлесіп, «Абайла, су!» шарасын ұйымдастырды.
«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға төтенше жағдайлар бөлімі және орталық аурухананың қызметкерлері, балалар қатысты. Сала мамандары оқушыларға суда жүзу ережелерін, шомылу кезіндегі қауіпсіздік тәсілдерін, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретті.
— Су — тіршілік көзі. Бірақ одан келетін қауіпті де ұмытпаған абзал. Су айдындарына шомылуға баратын бала өзін қалай ұстау керектігін білуі тиіс. Көлде қауіпті ойындарды ойнамаған жөн. Егер біреудің суға батып бара жатқанын көрсе, дереу үлкендерді шақырып немесе 112 және 102 нөміріне хабар бере алуы тиіс, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Әділхан Мағзамов.
Қауіпсіздік шарасымен егжей-тегжейлі танысқан балалар командаға бөлініп, түрлі тапсырмаларды орындады. Су айдынында волейбол да ойнады. Шараға белсенді қатысқан оқушыларға тәтті сыйлықтар үлестірілді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.