Аймақ басшысы Асайын Байхановтың бастамасы бойынша облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде барлық қала мен аудандарға тұрғындар санына байланысты бонустық трансферттер көзделген болатын. Осы ретте, Ақтоғай ауданына 333,6 млн теңге бөлінді.
Оның ішінде Ақтоғай ауылдық округіне 209,2 млн теңге қарастырылды. Оның 196 млн теңгесі ауылішілік 12 көшені ағымдағы жөндеуге бағытталып отыр. Бүгінде аталған елді мекенде М.Горький (Дубовой көшесінен мәдениет үйіне дейін), Думатов (республикалық трассадан кіреберіс жол), Сәтбаев (М.Горький көшесінен М.Қайырбаев көшесіне дейін), Ибадильдин (Алин көшесінен Сәтбаев көшесіне дейін), Ибадильдин (Сәтбаев көшесінен республикалық тас жолға дейін), Алин көшесі (ескі диірмен) және №1, №2, №3, №4, №5, №6, №7 шағын аудандары көшелері жөндеуден өтуде.
Өткен аптада екібастұздық «EXTRACLASS» ЖШС Ибадильдин көшесінде асфальт төсеу жұмыстарын қолға алды. Мердігер материалдың және адам күшінің жеткілікті екенін айтып, жобаны уақытылы аяқтауға сендіріп отыр.
Бұл ретте, аудан әкімі Қаршыға Арынов жол жұмыстарының барысын тексеріп, мердігерлерге мерзіммен қатар сапаның маңыздылығын ұмытпауды еске салды.
Өз тілшіміз.