Шілде айының басында баянауылдық тұрғындар газдан тапшылық көрген болатын. Бүгінде бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып, халықты тұрмыстық газбен қамтамасыз ететін «Газсбыт сервис» ЖШС газ құю бекетіне арнайы баллондары жеткізілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайдың орын алуына Павлодар қаласындағы мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары себеп болған көрінеді. Салдарынан Баянауыл ауданындағы газ құю бекеттерінде газ тапшылығы орын алған. Аудан әкімдігінің араласуымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы ауданға тұтынушылардың сұранысы бойынша 22 шілдеден бастап газ баллондары жеткізілуде. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы «Манекс флит» ЖШС қосымша 190 газ баллонын апарған.
Н.АҚЫТЕГІ.