Әрбір сәби мейірімге бөленіп, ата-ананың аялы алақанын сезгісі келеді. Жетімдер үйінде жәутеңдеп жүрген балақайлардың әрқайсысы жайлы отбасыға жайғасып, өмірдің бақытын көрсе екен деп көпшілік тілейді. Бұл тілегін ниетке айналдырып, баланы бауырына басып, шаттық сыйлап жүргендер де аз емес. Елімізде бала асырап алуға қатысты заңның талаптарына сәйкес мұндай мүмкіндікті толық отбасылар мен жалғызбасты әйелдерге рұқсат етеді. Бірақ жуырда бір бойдақ ер азамат өтініш білдіріп, комиссияның шығарған шешімімен келіспей, конституциялық сот арқылы бала асырап алу құқығын қорғап шықты. Яғни, «Неке және отбасы туралы» заңдағы жалғызбасты ерлерге бала асырап алуға шектеу қою нормасы конституцияға қайшы деген тоқтам жасаған. Бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсуде. Жалпы, бойдақ жігіттерге бала асырап алуға рұқсат беру керек пе? Бұл қаншалықты қисынды? Осы мәселені «Алаңда» талқыладық.
Динара ЗӘКИЕВА, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі (пікір интернеттен алынды):
— Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетпен талқылай келе, бұл мәселеге қатысты өз ұстанымымызды білдірдік. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қолданыстағы заңнамадағы некеде жоқ ерлерге бала беру мүмкіндігіне қойылған тыйым сақталуы тиіс.
Бәлкім, балаларды асырап алуға үміткерлерге, бала асырап алушы ата-аналар мектебінен өту және оны тәмамдауға қойылатын талаптарды арттырған жөн болар. Сонымен қатар, одан әрі де балаларды қолдау орталықтары арқылы бала асырап алған ата-аналарды демеуді қарастыру қажет.
Елена ЯРОВЕНКО,Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:
— Мен жалғызбасты бойдақ ер азаматтарға бала асырап алуға рұқсат беруге түбегейлі қарсымын. Қазіргі кезде өгей әке түгілі балалардың өз әкесінен зәбір көріп жатқан жағдайлар аз емес. Толық отбасылардың өзінде өз әкелерінің балаларға қарсы зорлық-зомбылық әрекет-тері де жиі тіркеліп жатады. Асырап алған сәбиге де қол көтеріп, қатыгездік танытқан оқиғаларды құлағымыз шалып жүр. Шыны керек, ер азаматтарға қоғамда бүгінде сенімсіздік басым. Бойдақ азаматтың арғы ойы қандай екенін білу мүмкін емес деп ойлаймын. Қоғамымыз әлі мұндай рұқсат беретіндей деңгейге жеткен жоқ.
Жалғызбасты әйелдерге беруге қарсылығым жоқ. Балаға барынша күтім қажет болады. Оны ерлер толық атқарады дегенге сенбеймін. Өзіңіз алып қараңызшы, балабақша тәрбиешілері, көмекшілері арасында ерлерді кездестірдіңіз бе?! Баланы киіндіру, жуындыру, уақытылы тамақтандырып, ұйқыға жатқызу, жыласа, уату, мұның бәрін атқаруға ерлердің жүйкесі шыдамайды, шамасы келмейді деп ойлаймын. Сондықтан, жалғызбасты еркекке баланы асырап алуға рұқсат беру үлкен қателік болады. Біз қоғам болып мұндай рұқсатқа жол бермеуіміз керек.
Жанарыс ҚЫЗЫР, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының басшысы:
— Әрбір жағдайды егжей-тегжейлі тексеру керек. Балажанды ерлер де бар. Иә, мүмкін үйленіп, үй болуда жолы болмаған шығар. Бірақ өзінің ұрпағы ретінде жұбаныш етіп, бір баланы тәрбиелеп, қоғамда қатарға қосуға деген ниеті бар болар. Жағдайын жасап, бір балаға бақыт сыйлағысы келетін ер азамат болуы да мүмкін. Сондықтан ер болсын, әйел болсын, саналы, өмірге көзқарасы оң азаматқа бала тәрбиелеуге араласуына мүмкіндік беруді қарастыруға болады. Әлбетте, ешкім біреуге еш тексерусіз қолына баланы ұстата салмайды. Сан сатылы тексерістен өткізіледі. Өз басым әйеліммен ақылдаса келе, екі жетім баланы асырап алдық. Ол үшін арнайы оқыту курсынан өттік. Ойлау жүйеміз, бәрі тексерілді. Отбасымыздағы барлығымыздың денсаулығымыз жіті зерттелді. Медициналық талдаудан өткізілді. Басымызда баспанамыздың болуы да есепке алынды.
Ер азаматқа ұл баланы тәрбиелеуге беруге болады деп есептеймін. Өзінің бауыры, баласы ретінде өсіре алады. Қартайған шағында сүйеу болатын азамат ретінде барын салады деген ойдамын.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.