Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, мәшһүр-танушы, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын, жазушы Серік Елікбай 55 жасқа толды. Осыған орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Сөз ұясындағы сәуле» атты шығармашылық кеші өтті.

Серік Төлеубайұлы көпшілікке «Қанжығалы Бөгенбай», «Мәшһүрдің мұңы» секілді тарихи романдарымен белгілі. Қаламгер одан бөлек, мектеп оқушыларына арналған 30-дан аса ғылыми оқулық, монография жазған.

— Осындай кешті ұйымдастырған аға-бауырларыма мың алғыс! Жазарымыз таусылмасын, оны оқитын оқырмандарымыз көп болсын! Мұның бәрі еліміздің егемендігіміздің және еңсеміздің тік тұрғандығының арқасы деп білемін. Алдағы уақытта Баянауыл ауданының тұлғасы жөнінде тарихи романның тұсаукесері өтпек, — деді С.Елікбай.

Кеш барысында Серік Төлеубайұлының қазақ әдебиетіндегі орны, қайраткерлігі туралы жылы сөздер мен естеліктер айтылып, иығына шапан жабылды. Сондай-ақ, шәкірті, «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Аспанбек Шұғатаев арнау айтып, мерейтой иесіне ат мінгізді.

Айдана БОРАНБАЕВА.