Ауыл тұрғындарын сапалы меди-циналық көмекпен қамтамасыз ету — бүгінгі күннің талабы. Осыған орай, биыл Ақжар ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында медициналық амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Жауапты мердігер жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтауға сендіріп отыр.
Бүгінге дейін Ақжар ауылында арнайы медициналық амбулатория болған емес. Сол себепті тұрғындар шағын медициналық пунктке барып, алғашқы көмек алуға мәжбүр болған.
Май аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Шеризат Самарованың сөзінше, әлеуметтік ғимараттың құрылысына бюджеттен 138,7 млн теңге бөлінген. Аталған қаржыға медициналық құралдармен жабдықталған кабинеттер салынады.
— Бүгінде Ақжар ауылдық округінде шағын медициналық орталық бар. Онда екі медбике еңбек етеді. Аптасына екі рет есепте тұрған науқастарды бақылап, ем-дом жасайды. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетіледі. Ал қажет болған жағдайда біздің орталық ауруханаға жеткізіледі. Кадр жағынан мәселе жоқ, — дейді ол.
Денсаулық сақтау нысанының құрылысымен астаналық «IT-Invest» мердігер компаниясы айналысуда. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары толығымен аяқталып, тек бояу жұмыстары қалды.
— Жұмыстар осы жылдың мамыр айында басталды. Бағасы жағынан да, сапасы жағынан да жобада көрсетілген материалдарды алып жатырмыз. Ол заттар Павлодар қаласынан табылмаса, Алматы, Астана қалаларынан жеткізіледі. Бүгінде мамандар ғимаратқа жарық тарту, ішкі әрлеу, ғимараттың сыртқы жұмыстарымен айналысуда. Жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — дейді учаске басшысы Жансерік Садықов.
Осылайша, Ақжар ауылындағы ағайынның сапалы ем-дом алуына жағдай жасалады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
Май ауданы.