Бірнеше күн бұрын Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің өкілдері әлеуметтік желі арқылы аймақ басшылығына бейнеүндеу жасап, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына қатысты шағымдарын айтқан еді. Сонымен, ауыл ақсақалдарын алаңдатқан мәселенің мән-жайы қалай болды?

 

Бейнежазбада ардагерлер кеңесінің белсенділері әу баста құрылыс жобасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жанында шағын футбол алаңын салу қарастырылғанын, кейін шенеуніктер бұл жоспарды өзгерткенін айтады. Сөйтіп, осы мақсатқа бөлінген қаржы басқа бағытқа жұмсалатынына қарсылық білдірген.

— Енді бізге футбол алаңы болмайтынын түсіндірді. Жоспар бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені электр қуатымен жылытылуы керек және бұл қымбатқа түседі. Сол үшін олар осы 18 миллион теңгені ескі қазандықты жөндеуге жаратпақ. Жергілікті тұрғындар, жастар бұл жобаның өзгеруіне қарсы. Биліктен біздің мәселемізді шешуді сұраймыз, — деген уәж айтқан ақсақалдар бейнеүндеуде.

Қазіргі таңда ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кеткен. Ауыл жастары мен балалар доп ойнау үшін бос жер іздейтін көрінеді. Сондықтан тұрғындар жеке футбол алаңы болғанын қалайды.

Айта кетерлігі, осыдан 8 жыл бұрын мектеп аумағында шағын футбол алаңы салынған. Бірақ ондағы қауіпсіздік талаптарына қатысты олқылықтар орын алғандықтан қайта құру жұмыстары жоспарланған. Шалдай ауылының тұрғындары мұнымен мәселе шешілмейтінін айтып, мектептің футбол алаңы екі ауысыммен білім алатын оқушылардан босамайтынын, дене шынықтыру сабақтары көбінесе сонда өтетінін айтады. Яғни, онда  оқушылардан басқа жастардың бос уақыттарын қызықты өткізулеріне мүмкіндік
жоқ деген пікір білдіруде.
Сондықтан осы мәселеге облыс әкімдігі бей-жай қарамай, көптің пікірін ескерсе екен, дейді ақсақалдар алқасы.

Аталмыш жағдайдың мән-жайын білу үшін Шалдай ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Зұпар Есімхановқа хабарласқан едік. Ол әзірге бұл мәселе ашық күйінде қалып отырғанын мәлімдеді.

— Мәселеміз әлі шешілген жоқ. «Неге сүйттіңдер, неге бүйттіңдер?» деп хабарласқандар бар. «Қожа бәкісімен қорқытады» демекші, біреуі олай, біреуі былай дейді. Ұзын сөздің қысқасы, біздің ауылдың жастарына жеке шағын алаң ауадай қажет. Мектептің алаңы оқушылардан ары аспайды. Онда дене шынықтыру сабағы өтеді, түрлі спорттық секцияларға қатысатын балалар жаттығады дегендей. Яғни, өзге жастарға мұнда еш мүмкіндік жоқ деп айтуға болады. Оның үстіне мектеп алаңы да жөнделіп жатыр. Ауылымыздың болашағы зор. Жастар өсіп жатыр, соларға жайлы жағдай жасалуы тиіс, — дейді Зұпар Мұратбекұлы.

Бұдан кейін Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұловтың да пікірін білгенді жөн көрдік.

— Шалдай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы  мектептің қасында жүргізілуде. 100 метр жерде шағын футбол алаңы орналасқан. Футбол алаңын жөндеу жұмыстарына және электр желісін ауыстыруға қаражат бөлінген. Тамыз айында мердігер жұмыстарды аяқтайды. Ауыл ақсақалдары екінші футбол алаңын  салу бойынша мәселе көтеруде. Электр қазандығынан бас тартып, оны салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жанын-
да орналасқан көмірмен жағылатын қазандыққа қосу туралы шешім қабылданған болатын. Ақсақалдар мен жастар өкілімен кездесіп, шағын футбол алаңындағы жөндеу жұмыстарынан соң талдау жасалады. Егер алдыңғы буын өкілдері атап айтқандай ол футболшылардың ойнауына аздық етсе, келесі жылы аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, қосымша екінші шағын футбол алаңын салу бойынша мәселені қарастырамыз, — дейді аудан әкімі.

Осылайша, атқамінерлер алдағы уақытта «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», шалдайлықтарды толғандырған мәселенің түйіні тарқатылатынын алға тартуда. Одан қандай қорытынды шығатыны —
уақыт еншісінде!

Нұржайна ШОДЫР