Облыс әкімі Асайын Байханов азаматтарды жеке мәселелері бойынша тұрақты түрде қабылдайды. Бұл жолы өңір тұрғындары баспана беру, жұмысқа орналас-тыру, кәсіпкерлік, білім беру мәселелері бойынша жүгінді.

 

Облыс орталығының тұрғыны Үміт апа, Шайхы ата, Сұлтанмахмұт Торайғыров кешендері сияқты қасиетті орындардың мәртебесін көтеруді, оларды мультимедиялық картаға енгізуді ұсынды. Ал Ақсу қаласынан келген көпбалалы ана денсаулық сақтау, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алу конкурсына қатысу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Павлодарлық кәсіпкер болса, өңірде өндірілетін құрылыс материалдарын сату жолдарын талқылады.

Асайын Байханов жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қойып, тиімді шешімдер табуы тиіс екенін атап өтті. Жеке қабылдауда көтерілген барлық сұрақтар мен ұсыныстар аймақ басшысының жеке бақылауында болады.

Айта кетейік, Асайын Қуандықұлы облыс әкімі лауазымына тағайындалған бір жарым жыл аралығында алғаш рет 9 күндік еңбек демалысын алды. Аймақ басшысы 5 тамызға дейінгі бұл кезеңді отбасымен, туыстарымен және жақындарымен өткізуді жоспарлап отырғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Бұл уақыт аралығында өңір азаматтары өздерін толғандырған мәселелер бойынша аудан-қала әкімдеріне, басқарма басшыларына жүгіне алады.

 

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі.