Біз Дәметкенді Дәкен тәте дейтінбіз. Ауылдағылар да осы есімді жатқа біледі.  Жаңабет ауылы әр кезеңде абыз ақсақалдарға бай, үлкен ауыл болатын. Сол елде Нығыман деген елге танымал ақсақал ұсталық етті.

Көз көргендердің айтуынша,  бұл ауылдан қонақ арылмайтын. Ұзын жолдың бойындағы іргедегі Жаңабетке  әнші-сазгер Естай Беркімбаев, айтыс ақыны Құдайберген Әлсейітов сияқты талай өнерпаз ат шалдырып, ойын-сауық құрып, Керекуге жол тартатын.  Ауылдың  сол кездегі белді азаматы Үсен атамыз Нығыманмен көрші тұрды. Ол кісінің қолындағы жалбыр шашты, қара домалақ қыз Дәкенді ер балаша киіндіріп, қонақ болып келген ағаларының аттарын жайғастыруға жұмсайтын еді. Кешкілікте табақ-табақ ет асылып, дастархан жайылып, ән айтылатын кезде Дәкен де Үсен әкесінің алдында отырып, қонақтардың әңгімесінен гөрі дастандарын тыңдауды жақсы көретін. Осы мәжілісте бозбала жігіт Қимадиденнің де аты жиі аталып, оған да ән айтқызатынына куә болғаны бар.

Нығыман ұлды болған күні ақын Құдайберген Әлсейітов шілдехана үстіне түсіп, болашақ жары Қимаштың есімін «мендей ақын болсын» деп, өз есімін бергенін де осы отырыстардың бірінде естіген екен. 1940 жылы Иса ақын Семейден келе жатып Жәлелиденнің үйіне түседі.  Ауыл балалары, оның ішінде Дәкен де бар, «Иса келді, Иса келді» деп әдеттегідей алдынан жүгіре шығады. Кешкілікте Жәкеңнің үйіне жиналды. Иса ақын әнге сусаған жұрттың мейірін қандырып, шарықтатып ән салады. Ауыл адамдары Қимадиденді Исаның алдына әкеліп, ән, жыр, қисса айтқызады. Қимаш өз жанынан өлең-жыр жазып,  өлең құрап жүретін. Осы жолы Қимаш қысылып-қымтырылмай, ерекше бір үн, ырғақпен шабыттана оқиды.  Өлеңдеріне риза болған Иса ақын домбырасын қолына алып, өлеңмен бата береді. Осы бір сурет Дәкеннің көз алдында қалып қойған.

1941 жылы  маусым айында соғыс басталады. Әскер қатарына жасы жеткен Қимаш та ауылдас-тарымен бірге майданға аттанады. Дәкен  Қимадиденнен келген хаттарды Рәбиғаға оқып беретін. Ол кезде Рәбиға өзі хат таныса да, Дәкенді бауырына тартып, үй ішіне көмектесіп жіберші деп жиі-жиі шақырып тұрушы еді.

Қимаш аман-есен елге оралған соң Нығыман мен Үсен құдаласып, қазақтың жөн-жоралғысымен келін етіп түсіреді. Сол күннен бастап Дәметкен ақынның жары екенін жан-жүрегімен түсініп, келіндік міндетін мүлтіксіз орындай бастайды. Күн ара үйіне келіп түсіп, қонақтап кететін белгілі, белгісіз адамдарды  қарсы алып, үй-шаруасымен  айналысады. Өмірге келген балаларын әлдилеп, әрі ақын жары Қимадиденді баладай әлпештеп, үй тірлігімен күн кешеді. Тұрмысқа шыққан жылдары Қимаш ақынның білтелі шаммен отырып, түні бойы жазатын өлеңдерін, поэмаларын  ол жұмысына кеткенде ретке  келтіріп қояды. Балаларына үстел үстінде жатқан қағаздарға ұқыпты қарауды үйретеді.

«Ежелден ауылымның еркесімін, білімнің алмасам да көл-көсірін. Жұмыста он бес жаста күсті қолым, танылған еңбегіммен елге есімім,
деп Қимаштың өзі айтқандай, ол Дәкеннің ғана жан жары емес,  елдің азаматы болатын.

Дәкен аяулы жарының ауылда жүріп өмірдің қайнаған, жайнаған шақтарынан қалыс қалмай, өлең- жыр шығарып, ақындар айтысына қатысып, замандастары арасында қадір-қасиеті өскеніне тілектес болып, өзінің де денсаулығы сыр беріп жүрсе де, сапарлап кеткенде үйдің бар тіршілігін өз мойнымен көтереді.  Қимадиден Естай Беркімбаевтың туғанына 100 жыл, Абайдың туғанына 125 жыл, Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойларына қатысады, республиканың айтыс- кер ақындарымен өнер сайысына түсіп, жүлделі орындарға ие болады. Ел-жұртының өсу-өрлеуін бағдарлап, Исаша суырып салма жыр, желдірмелер айтып жүреді.

Дәкен — жары Қимаштың бойындағы серілік-сазгерлікті, ерекше  өнерді аса бір махаббатпен қадірлеген адам. Үйден гөрі түзде жүргені көп болып, үй тірлігін, балалардың тәрбиесін бір өзі көтерсе де, ағаның алдында қабақ шытып көрмеген адам. Денсаулығын дұрыстаймын деп, Көкшетауда, Алматыда айлап жататын кездері көп еді.

Әсіресе, «Аннаның ваннасына  түсіп қайтайын» деп «Қызыл ту» газетінде істейтін жолдасы Бақи Әбдіқадыровқа жиі кетіп қалып жүретін. Әрбір жол сапарында олжасыз қайтпайтын. Газеттен алған гонорарынан басқа, сыйға алған дүниелерін балаларына әкеліп, киіндіріп, қуантатын. Қолындағы сары сакваяжы тәттілерге толып жүретін.       Дәкен тәтемен Қимаш ақын Қызылтаң ауылына жиі келіп тұрды. Әрбір келген сайын ауылдағылар қос аққудай жарасқан елге танымал адамдардан үлгі-өнеге алатын. Өз басым Дәкен тәтенің үйінде Қимаш ағаның бар кезінде де, о дүниелік болып кеткен кезінде де жиі болып жүрдім. «Дала шұғыласы» кітабы баспадан шыққанда облыстық телеарнаның түсіру тобымен барып, кино-очерк жасадым. Ол кезде үйдегі кітапхана өте бай болатын. Қимаш ел-елді, жер-жерді аралап, ақын-жазушылардың кітаптарын сатып алып жүреді екен. Дәкен тәтеміз ол кісінің әр сапардан алып келген сыйлықтарын төрге ілгізіп, қолжазбаларын да өз қолымен реттеп, үйдегі кітапхананы музейге айналдырды. Қимадиденнің өнер жолындағы жерлестері туралы деректерді де жинастырды. Ақынның жары болу оңай  емес екенін тоқсанның төрінде отырған Дәметкен Үсенқызы ерекше сезіммен айтады.

 

Шолпан Байғалықызы,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Павлодар облысының  Құрметті азаматы.