Аудан әкімдігінде өткен аппараттық жиында жылыту маусымына дайындық барысы сөз етілді. Аудан әкімі Руслан Мұқановтың төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Аудандық нақты экономика секторының жетекшісі К.Желдібаеваның мәліметінше, 3 орталық қазандықта ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл ретте ақтау, әрлеу жұмыстары жүргізіліп, 3 сорғы ауыстырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік мекемелерге қажетті көмір мен қатты отынның көлемі сөз болды.
Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Л.Құмарова мәдениет нысандарында жылыту маусымы бойынша қолға алынған жұмыстарды баяндады.
— Аудандағы барлық ауылдық округ-тегі мәдениет үйінде ағымдық жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл ретте ақтау, әктеу шараларымен қатар, мұржаны тазалау, қоқысты жинау сынды жұмыстар жүргізілуде. Жылыту маусымына дайындық шаралары өз деңгейінде белгіленген кестеге сәйкес өткізілуде, — деді Лаура Ерсайынқызы.
Аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Ғ.Құрманов биыл аудан бойынша 23 мектепте жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде 16 мектептегі жұмыстар 70 пайызға аяқталған. Қазіргі уақытта білім беру мекемелерін қатты отынмен қамту мәселесі қарастырылуда.
Жиын соңында аудан әкімі бөлім басшыларына тиісті тапсырма берді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.