«Қыстың қамын жаз ойла!» демекші, қазіргі таңда қыста үйін пеш жағып жылытатын жер үй тұрғындары көмір сатып алу қамына кірісуде. Себебі, сайран салып жүргенде жаздың соңғы айы да аяқталуға аз қалды. Бұл ретте, бүгінде Павлодар қаласы әкімдігі тарапынан бірқатар санаттағы азаматтарға қатты отын алу үшін бірреттік әлеуметтік көмек беріліп жатқанын атап өткен жөн.
Сонымен, бұл қолдау кімдерге тиесілі? Оны алу үшін не істеу керек? Қандай құжаттар жинау қажет? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Айсұлу Данилқызы Құсайынова жауап береді.
— Айсұлу Данилқызы, көмір алу үшін берілетін бірреттік әлеуметтік көмек қандай санаттағы азаматтарға үлестіріледі?
— Бұл әлеуметтік көмек болған-дықтан, қаладағы барлық тұрғынға берілмейді. Оны тек қыстың күні үйін пешпен жылытатын І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған шаңырақтар, ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарамастан барлық көпбалалы отбасы, сондай-ақ, өтініш берген мерзімдегі жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтар ала алады.
Басты талап – әлеуметтік көмекті алуға үміткер Павлодар қаласына қарасты аумақтағы жеке тұрғын үйде тұруы және тіркелуі тиіс.
— Қала тұрғындары аталған қолдауға қол жеткізу үшін қандай құжаттар жинауы қажет және қайда баруы керек?
— Бұл әлеуметтік көмекті алу үшін жоғарыда айтылғандай белгілі бір санаттағы азаматтардан тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжаттары, жеке куәлігі, банктен 20 таңбалы шот нөмірі, жылыту маусымында қоқысты шығарғаны туралы түбіртек талап етіледі. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар ХҚКО-нан анықтама алуы тиіс. Ал мүгедектігі бар адамдар мүгедектігін растайтын құжат, 18 жасқа дейінгі жарымжан баланы тәрбиелеп отырған отбасылар баланың мүгедектігі жайлы анықтама, көпбалалы шаңырақтар әлеуметтік мәртебесін растайтын куәлік, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтар отбасының жиынтық табысын растайтын құжаттарын ұсынуы қажет. Қажет болған жағдайда балалардың туу туралы және ерлі-зайыптының неке қию туралы куәліктері де сұралады.
Тегін көмір алу үшін көрсеті-летін көмекке қатысты сұрақтар бойынша тұрғындар Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайындағы 3-үстелге келуге немесе 32 -03-83, 32-57-80 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады. Өтініштер дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта сағат таңертеңгі 9.00-ден кешкі 17.30-ға дейін қабылданады. Түскі үзіліс уақыты 13.00-14.30-ға дейін жалғасады.
— Өтініштер қашанға дейін қабылданады және көмек қалай беріледі?
— Аталмыш бір реттік әлеуметтік көмекті алу үшін ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап өтініштер қабылдау шарасы жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Соған дейін тұрғындар қажетті құжаттарын жинап, өтініш тапсырып үлгергені жөн. Ал аты айтып тұрғандай, көмек бір рет қана ақшалай беріледі. Оның көлемі 73 840 теңгені құрайды. Яғни, қатты отын алуға өтініш берген азаматтардың әрқайсысының банктен әкелінген жеке есепшоттарына осыншама ақша аударылады. Олар осы қаражатқа көмір сатып алуы қажет.
— Мұндай көмек Павлодар қаласы бойынша қанша отбасына беріледі деп жоспарлануда және бүгінгі күнге дейін неше адам алып үлгерді?
— Көмір алуға берілетін ақшалай қолдауды Павлодар қаласы бойынша 2 500 отбасы алады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 600-ден астам адамға осындай көмек көрсетілді. Тиісті құжаттарын түгел тапсырып, өтініш берген тұрғындар көп кешікпей көмекке қол жеткізуде.
— Басқа біреудің жер үйін жалдап тұратын отбасылар осы көмекке үміткер бола ала ма?
— Әрине, өзгенің жер үйін жалдап тұратын азаматтар сол баспананы жалға беру шартын ұсынып, қажетті құжаттарын толық жинап дәлелдеген жағдайда әлеуметтік көмек иелене алады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.