Естеріңізде болар, биыл көктемде еліміздің барлық аймақтары бір уақыт белдеуіне көшіріліп, бұл өзгеріс көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Ойларын мемлекетке білдіру үшін маусым айының басында халық «E-Petition.kz» порталына уақытты кері қайтаруды қарастыруды талап етуге байланысты петиция жарияланған еді.
Яғни, тұрғындар кейбір облыстарда уақыттың ауысуына байланысты таң ерте атып, кеш ерте батып, жайсыздық тудырып жатқанын алға тартты. Ұйқы қанбаудан адамдар қиналып жүргенін де жаза бастады. Ақыры көпшілік ойларын петиция арқылы жеткізуге бел буды. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі жұмыс тобын құрды. Оның құрамына петиция авторлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар кірді. Тұрғындар петиция мәселесін қарастыру кезінде жұмыс тобына қатысушылардың дәлелдерін назарға алып, тиісті талдаулар мен қосымша зерттеу жүргізу қажеттігі талап етілді.
Алайда, құзырлы орган өткен апта соңында аталған мәселеге қатысты алдын ала шешім шығарды. Яғни, уақыттың кері қайтарылмайтыны айтылды. Еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұмыс тобы ұсынған барлық деректер мен дәлелдемелер, ғылыми зерттеулер мен ұсынымдар зерделенгенін атап өтті. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетіні және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгені расталғанын мәлімдеді. Осылайша, министрлік петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Министрлік уақыттың өзгеруі денсаулыққа және электр қуатын пайдалану көлеміне кері әсер еткені туралы ақпарат расталмағанын алға тартып отыр. Десе де, алдағы уақытта құзырлы министрліктер зерделеуді жалғастыра бермек. Мәселен, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне UTC +5 уақыт белдеуінің алдағы үш жылда халықтың денсаулығына қалай әсер ететіне зерттеу жүргізу ұсынылды. Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіруге кеңес берілді.
Г.МАҒЖАН.