Железин ауданының орталығында Ертіс өзенін жағалай жүгірген жастар жолында кезіккен қоқысты қапқа салып, қоршаған ортаны тазалауға үлес қосты.

Бұл ерекше жүгіріс жергілікті «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйытқы болуымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті. Орталықтың жетекшісі Рахат Жолдыбаевтың айтуынша, бастаманы қолдап, қатысуға таңертең жағаға железиндік 24 жас азамат жеткен. Олар қолдарына қаптарын ұстай келіпті. Кейбір еріктілер, тіпті, көлігін де сайлап келіпті. Себебі, жинаған қоқысты сыртқа шығару қажет еді.

Осылайша, қатысушылар денелерін шынықтырып қана қойған жоқ, сондай-ақ, табиғатқа пайдаларын тигізді. Мұндай тазалық жұмыстары халық тынығуға жиі баратын тұста  жүргізілген. Әсем жерді тұрғындардың тастап кететін қоқыстары – шыны мен пластик, металл мен тағам қалдықтары бүлдіріп тұрғаны байқалады. Бір сағатқа жетпес уақыт ішінде еріктілер жеті үлкен, 50 келілік қапты қоқысқа толтырып үлгерген. Железиндіктер спорттық және экологиялық мақсатты бір арнаға тоғыстыра алған шараны алдағы уақытта да іске асыруға ниет танытып отыр. Нақтысы, «Айбат» жастар орталығы ағымдағы айда акцияны ауқымды етіп өткізуге әзірленуде. Осы айда ауданда жастардың дәстүрлі туристік слеті өтетін көрінеді. Бұл шараға ауданның барлық ауылдық округтерінен командалар жиналады.

Г.МАҒЖАН.