Аймағымызда «Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы елді мекен тұрғындарына медициналық қызметті тегін ұсынуда. Жақында медициналық кешен мамандары Ақсу қаласына қарасты ауылдардың тұрғынын қабылдады.

«Саламатты Қазақстан» пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында сақтан-дырылмаған шалғай ауылдың кейбір тұрғындары қажетті тексерулерден өте алмайтынын айтады. Ал медициналық кешен мәртебесі жоқ жұртшылыққа түрлі зерт-теулерден тегін өтуге мүмкіндік береді.

— Өткен жылы ауылдарды аралаған кезде де жұмыссыз жүрген тұрғын көп болды. Екі қолға бір іс тапса да, жұмыс берушімен келісімшарт жасалмайды. Салдарынан сақтандыру жүйесіне енгізілмей, емханаға қарала алмайды. Қызмет барысында түрлі жағдайды көреміз. Мәселен, травматология бөлімшесіне қаранған ер адамның сынған аяғына гипс салынады. Бірақ екінші мәрте қалаға барып, рентгеннен өтуге ақшасы болмаған. Сөйтіп ол әлгі аяқпен екі ай жүрген. Ауылға медициналық пойыз келгенде мамандарға қаралады. Сол сәтте аяқтағы сүйектерінің дұрыс бітпегенін көрдік. Енді оған ота жасау қажет, — дейді А.Егінбаева.

Медициналық пойыз бригадасының құрамында терапевт, гинеколог, уролог, хирург, ЛОР, офтальмолог, психолог мамандары бар. Келушілер рентген, флюорография, электрокардиограмма, ультрадыбыстық зерттеулерден өтіп, сараптамаларды тапсырып, нәтижесін 20 минуттың ішінде ала алады. Тіпті, стоматологиялық қызметті де пайдалана алады.

Достық ауылдық округі Тасқұдық станциясының тұрғыны Валентина Беспалова мамандардың көмегін екінші жыл алып отыр.

— Медициналық пойыздың ауылымызға келгеніне өте қуаныштымыз. Мамандардың қарым-қатынасы өте жақсы. Емделушілерге бәрін толық түсіндіреді. Бағалы сараптамалар мен тексерулерді тегін жүргізеді. Алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді ауыл тұрғыны.

Атап өтерлігі, мамандар өздігінен қозғала алмайтын, егде жастағы қарияларға үйіне барып қызмет көрсетеді. Әсіресе, ота, инстульт, жарақат алған тұрғындар емді үйден қабылдайды.

15 тамыздан бастап дәрігерлер 1,5 мың ауыл тұрғынына қызмет көрсеткен.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.