Павлодарлық дәрігерлер шұғыл көмекті қажет ететін науқастарға жедел түрде ота жасап, өмір сыйлауда. Жақында ақ желең-ділер заманауи технологияларды қолдану арқылы 2 жастағы балаға күрделі ота жасады.

Облыстық балалар ауруханасында 2 жастағы сәбиге синдактилия отасы жасалды. Мамандар нәрестенің аяқтағы саусақтарын ажыратты.

Синдактилия – гендік тұқым қуалайтын ауру. Бала құрсақта жатқанда эмбриональді даму кезінде аяқтағы немесе қолдағы саусақтары толық қосылып туады. Сондықтан дәрігерлер мұндай жағдайда балаға кішкентай кезінде ота жүргізуге кеңес береді.

Облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы Александр Савич туа біткен сырқатпен өмір сүруге болатынын айтады. Денсаулыққа кері әсерін тигізбегенімен, баланың болашағы үшін озық технологиялардың көмегімен медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Негізі күрделі отаны бала 1 жасқа толмай жасаған абзал. Пластикалық ота кезінде саусақтары ажыратылған.

Облыстық балалар ауруханасы жыл сайын дәл осындай 20-ға жуық ота жүргізеді. Яғни, синдактилия, полидикталия, полисиндактилия диагноздары кезінде эстетикалық, пластикалық ота жасалады.

— Аяқтағы синдактилияға 1 жасқа дейін ота жасауға кеңес беремін. Себебі бала 1 жаста жүре бастайды, аяқ киім киеді. Ал қолдағы саусақтарды мектеп жасына дейін ажыратуға болады. 2 жастағы баланың анасы дұрыс шешім қабылдап, қызының аяғындағы бармақтары қалыпқа келтірілді, — дейді дәрігер.

Кішкентай сәби отадан кейін оңалтудан өтеді. МӘМС аясында мұндай отаның құны 300 мың теңгеден басталады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.