Аппараттық жиында күн тәртібіндегі өзекті мәселе – жылу беру маусымына дайындық барысы сөз етілді.  Облыста 2472 көпқабатты тұрғын үйді жылыту маусымына дайындау жоспарланған.Дайындықты 10 қыркүйекке дейін аяқтау міндет.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, аймақта жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінде жоспарланған 2 472 көп қабатты тұрғын үйдің 1 893-і немесе 76,5 пайызы дайын.

Павлодар және Екібастұз қалаларында жылу беру маусымына дайындықты күшейтіп, барлық жоспарланған іс-шараларды белгіленген мерзімде аяқтау қажет.

— Биыл 376 автономды қазандықты дайындау жоспар-ланған, оның ішінде 364-і әзір. 1220 әлеуметтік нысанның ішінде 546 білім беру мекемесі жылу беру маусымына 100 пайыз дайын. 309 денсаулық нысанының 295-і немесе 95 пайызы әзір. Ал 365 мәдени нысанның 344-і жылу беру маусымына дайын. Әлеуметтік сала меке-мелерін қамтамасыз ету үшін 220 мың тонна қатты отын сатып алу жоспарланды. Қазіргі уақытта 13,1 мың тонна көмір әкелінді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері жылу беру маусымы басталғанға дейін қазандықтарға қатты отын жеткізу жұмыстарын күшейтуі қажет, — деді Е.Иманзайыпов.

Асайын Қуандықұлы әлеуметтік осал топтарды тегін көмірмен қамту мәселесі бойынша атқа-рылған жұмыстарды сұрады. Ержан Бейбітұлы бұл бағытта көмір разрездерімен бірлесіп меморандум жасалғанын айтты.  Оның ішінде «Богатырь көмір» ЖШС халықтың осал топтарына 3 мың тонна, «Майкөбе – Инвест» ЖШС 1 мың тонна көмір бөледі. Бүгінде облыста коммуналдық тұрмыстық көмірдің бағасы «Майкөбе – Инвестте» тоннасы 8300 теңгені құрайды. Павлодар қаласында бір тонна көмірдің құны 13 мың теңгеден басталады.

Облыс әкімі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Аталғаш шаһарларда ыстық судан ажыратылған тұрғын үйлер көп. Мәселен, Екібастұз қаласындағы 702 көп қабатты тұрғын үйдің 630-ы ғана жылу беру маусымына дайын. Ал Павлодарда 300 үй әзір емес. Бұл ретте Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Павлодар қаласында 1 300 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда 1 020 үй жылыту маусымына 100 пайыз дайын. 280 тұрғын үй 80 пайызға дайын. Бұл үйлерде ішкі жылумен жабдықтау жүйесін сығымдау және жуу бойынша барлық іс-шаралар орындалды. Қалада басқару нысаны жоқ барлығы 193 үй бар. Оның 120-сы дайын, қалған 73 тұрғын үйге біздің «Коммунсервис» және «Ертіс Су» коммуналдық кәсіпорындары бекітілген. Аталған тұрғын үйлерді дайындау жұмыстарын ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарлануда.

Екібастұз қаласында №1 және №3 жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын жүргізуге байланысты 40 тұрғын үй ыстық судан ажыратылған. Павлодар қаласында 200 тұрғын үй ыстық сусыз отыр. Бұл ретте облыс әкімі жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Аймақ басшысы ауа райының күрт сууына байланысты биыл жылу ерте басталатынын атап өтті. Осы орайда, 10 қыркүйекке дейін қала-аудан әкімдеріне қазандықтарға жылу және су жіберу жұмыстарын аяқтауды жүктеді. Әлеуметтік сала нысандары көмірдің қажетті көлемін сатып алуы тиіс. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы облыстағы жылу беру маусымына дайындық барысын тұрақты бақылауға алуы керек. Осы бағыттағы жұмыстардың атқарылу барысын қадағалауды облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновке жүктеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.