Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы Асайын Байханов Президент Жолдауының әр бағыты бүгінгі күннің шындығына негізделгенін атап өтті.
Алғашқы баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек жасап, Жолдаудағы негізгі бағыттарды сөз етті.
— Президенттің кезекті Жолдауында қаржы саясаты, салық заңнамасы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту, ұлт саулығы мәселелері қамтылды. 2022 жылдан бастап орталық мемлекеттік органдар бюджет және салық кодекстерінің жобаларын әзірлеуде. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныстар жіберілді. ҚР Бюджет кодексін жыл соңына дейін қабылдау жоспарланған. Жобада мемлекеттік шығыстарды бақылау және шектеу, бюджетті жоспарлау мен нақтылаудың әрбір кезеңіне тексеру жүргізу шаралары күшейтілді. Жыл соңына дейін бюджетті құрастыру және нақтылау шарасын цифрлық форматқа көшіруді аяқтау қажет. Бюджетті бағалаудың жаңашылдығы — бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезеңінде облыстық тексеру комиссиясының алдын ала аудит жүргізуі. Сонымен қатар, жалпы сипаттағы трансферттердi есептеудiң жаңа әдiстемесiн бекiту жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Оны егжей-тегжейлі пысықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, — деді Д.Жамбайбек.
Дәурен Қаленұлы Жолдаудағы мемлекеттік-жекеменшік әріптес-тікті дамыту мәселесі бойынша мемлекет пен инвестордың мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауды қамтамасыз ететін озық халықаралық тәжірибе негізінде жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Қолданыстағы заңнамадағы кейбір мәселелерді шешу бойынша ұсыныс жіберілген. Құжатты талқылау 1 қазанға дейін аяқталады.
— Президент Жолдауда отандық медицинаны дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. 2025 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Павлодар қаласының №3 емханасы мен Екібастұз қаласының №2 және №3 емханаларын сенімгерлік басқаруға беру бойынша 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл ретте жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден астам инвестиция тарту көзделуде.
ҚР Парламентінде медициналық көмек пакетінің жаңа моделі бекітілуде. Бұл тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемін қамтитын Бірыңғай пакетін қалыптастырады. Медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында 2025 жылдан бастап медициналық көмекке жүгінген Д, Е санатындағы жұмыссыз адамдар үшін МӘМС-ке жарна төлеуді жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте 23 мыңнан астам адамды қамту үшін 1,7 млрд теңге өндіру қажет, — деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары облыстағы медициналық ұйымдар ақпараттық жүйелерді 100 пайыз пайдаланатынын айтты. 3 емдеу мекемесі «Надежда», «InFoDonor» және «Көмек» жүйесі арқылы жұмыс істейді. 2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігі eHealth жүйесін енгізуді жоспарлауда.
Аппараттық жиында облыс әкімінің инвестициялар және бизнесті дамыту бойынша орынбасары Әйгерім Қабылтаева Жолдаудағы негізгі бағыт — инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту мақсатында атқарылатын іс-шараларға тоқталды. Оның айтуынша, облыста инвесторлардың мәселесін жедел қарау және жобаларды іске қосуды жеделдету үшін өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Жыл басынан бері 5 отырыс өткізілді.
— Жаңа кәсіпорындар құру бойынша рәсімдерді жеңілдетуді көздейтін «Жасыл дәліз» жүйесінің критерийлері бойынша 12 ірі инвестор жұмыс істейді. Облыста жалпы сомасы 2,5 трлн теңгеге 119 жоба пулы құрылды. Оның нәтижесінде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Биыл инвестиция көлемі 162 млрд. теңгеден асатын 42 жобаны іске қосу жоспарланған. Ағымдағы жылы шамамен 1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған, — деді Ә.Қабылтаева.
Әйгерім Жаңбыртайқызы Жолдаудағы кәсіпкерлік секторды дамыту бағытына да тоқталды. Үкімет 2029 жылға қарай экономикадағы орта бизнестің үлесін 15 пайызға ұлғайту міндетін қойды. Облыста бұл көрсеткіш 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 4,9 пайызды құрады және өсу әлеуетіне ие. Биыл шағын және орта бизнесті іске асыруға 13,3 млрд теңге бөлінген.
Президенттің тапсырмасы бойынша жақында облыста Бірыңғай сандық реестрді қалыптастыру және мемлекеттік қолдау шараларына тексеру жүргізу үшін ұсыныстар дайындалады.
Сонымен қатар, Әйгерім Жаңбыртайқызы өз баяндамасында агроөнеркәсіп кешенінің дамуына инвестицияларды тарту, ауылшарушылығын және экологиялық ахуалды жақсарту мәселелерін де сөз етті.
Облыс әкімінің идеология мәсе-лелері жөніндегі орынбасары Айгүл Мәлікова әлеуметтік мәселелерге тоқталып, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептегі білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен инфрақұрылымды жақсарту мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы аудан-қала әкімдері мен басқарма басшыларына Президент атап өткен негізгі бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Жақын арада жалпыұлттық жоспар бекітіліп, соның аясында Мемлекет басшысының тапсырмалары іске асырылмақ. Бұл ретте облыс әкімі орынбасарлары мен мекеме басшыларына өңірлік жоспарды құрастыруды жүктеді. Бұл жоспардың орындалуы бақылауда болатынын айтты.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.