Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде мемлекеттік орман қорында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Осыған орай, бүгінге дейін облыста 39,3 млн қарағай ағашы отырғызылды.

 Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев хабарлады. Оның сөзінше, Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 5 жыл ішінде мемлекеттік орман қорының аума-
ғында жалпы алаңы 19,6 мың га жерге орман дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр.

— Бұл 106 млн дана қарағай ағашын құрайды.  3 жыл ішінде жалпы 6,4 мың гектар алқапқа 39,3 миллион көшет отырғызылды. Кешенді жоспар 37 пайызға орындалды. Биыл тек қарағай көшетін ектік, — дейді Р.Төлепбаев. Ағаш отырғызу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылау мақсатында «ЭКОМ» және «Дендра» ЖШС қоғамдық ұйымдарының өкілдерінен мониторингтік топ құрылды. 2025 жылы 12,5 миллион дана стандартты отырғызу материалын алу жоспарлануда. Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде Павлодар облысының елді мекендерін көгалдандыру 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары бекітілді. 2021 жылы жоспар бойынша 168,7 мың ағаш отырғызылды. 2022 жылы жоспар бойынша 62,3 мың түп ағаш егілсе, осы жылы жоспар бойынша 45,5 мың көшет отырғызылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.