Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Былтыр облыс орталығындағы үш бірдей көпқабатты тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылып, төтенше жағдай жарияланған еді. Сөйтіп, осыдан 35 жыл бұрын іргетасы қаланған Центральная, 6 мекенжайындағы пәтер иелеріне жалдамалы үйлерге көшуге тура келді. Тұрғындар есік-терезелерін толығымен бекітіп, талай жыл пана болған қоныстарын қалдырып кетті. Ал бұл уақытта қараусыз қалған баспана ұрылардың «оңай олжасына» айналып үлгерді.

Негізі, Центральная көшесі бойындағы үш көпқабатты тұрғын үйдегі мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын туындағанды. Сол тұста пәтер ішінде жарықшалар пайда болып, қабырғасы сөгіле бастады. Ал өткен жылдың жазында қабырғалар арасы тіпті ашылып кетті. Үйдің ішінде отырып-ақ дала көрінетіндей жағдайға жетті. Сондықтан қара күзде Центральная көшесі, 6 мекенжайында тұратын 24 пәтердің тұрғындарын шұғыл түрде жалдамалы үйлерге қоныстандырудан басқа амал қалмады. Ал іргелес орналасқан екі үйдегі жағдай айтарлықтай қауіпті болмағандықтан, оларды көшіру ісі әзірше кейінге шегерілді.

Ал №6 тұрғын үйдегі пәтер иелері басқа пәтерлерде қыстауға мәжбүр. Барлығы 80 адам басқа мекенжайға қоныс аударды. Олардың жалдау ақысын мемлекеттің өзі өтейді. Жоспар бойынша, олар шамамен бір жыл жалдамалы пәтерлерді жағалайды.

– Көпқабатты тұрғын үй орналасқан жер учаскесі мемлекеттің мұқтаждығы үшін қайтарып алынады. Осыған қатысты барлық процедура аяқталғанға дейін олар жалдамалы пәтерлерде тұрады. Кейін бұл шағын ауданның құрылысына қатысты бірнеше нұсқаны қарастырмақ ойымыз бар, – деген еді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Бұл аумақта көпқабатты жаңа үйлермен қатар балабақша, мектеп, емдеу мекемесі сынды әлеуметтік нысандарды да салу ойда бар. Алдымен егжей-тегжейлі жобалау жоспары дайындалады. Бұл шамамен 6-9 ай уақытты алады. Одан соң ғана жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Ал апаттық үйдегі пәтер иелеріне тұрақты баспана немесе ақшалай түрдегі өтемақы беріледі.

Алайда тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін өтемақы жаңа үйді алуға жетпей қала ма деп алаңдап отыр. Себебі Центральная, 6 көшесіндегі пәтерлердің бағалауы әлі жүргізілген жоқ. Ал бұл уақыт аралығында толығымен бекітілген баспанаға ұрылар түсіп, басқасын былай қойғанда, құбырлардың өзін қолды етіп жатыр. Төрт қабатты тұрғын үйге қойылған торлар қолының сұғы бар адамдарға ешқандай тосқауыл болмай тұр.

– Полиция өкілдері апаттық баспананы бақылауға алуға тиіс болғанымен, ұрылар айласын асырып үлгерді. Пәтерлер түгілі жертөлелердегі құбырлардың өздері металл қабылдау орындарының «тауарына» айналды. Олардан бөлек, пәтерлерде қалған жиһаздарды, басқа да тұрмыстық тауарларды үптеп кетті. Мұның барлығы бізге айтарлықтай шығын әкеліп отыр, – деп дабыл қақты аталмыш үйдегі пәтер иесі Константин Шамин.

Сол сияқты зейнеткер Валентина Осинская пәтерлеріндегі жылу батареяларын әлдекімдердің шешіп, ұрлап әкеткенін алға тартады. Мұның барлығы пәтерлерді бағалау кезінде кері әсер тигізетіні анық.

– Біз көшкен соң жағдай одан әрі ушықты. Әу баста баспана толығымен күзетіледі, еш уайым болмасын делінген еді. Алайда тұрғындардың көп мүлкі қолды болды. Жылу батареялары жарылып, жиһаздарды бүлдірді. Есік, терезелер дәнекерленсе де ұрылар қарап қалып жатқан жоқ. Ал бұл пәтерлер әлі бағалаудан өтіп үлгермеді. Яғни, әкімдік үйдің жағдайын бағалап, соған сәйкес сомасын белгілейді. Бұлай жалғаса берсе, баспанамыз су тегінге бағаланатын түрі бар, –
дейді тағы бір тұрғын Ильяс Сенич.

Өз кезегінде облыстық полиция департаменті жылу батареяларын қолды еткен екі азамат ұсталып, оларға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты. Ал полиция қызметкерлері тек патрульдік жұмыс атқаратын көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта өзге пысықайлар да апаттық үйде қалған дүниелерді ұрлап, өздерінің бас пайдасына жаратуы әбден мүмкін. Бұл үй сүріліп, оның орнында бой көтеретін шағын ауданынның егжей-тегжейлі жоспары дайындалғанға дейін пәтерлердің ішінде түк қалмауы да ықтимал. Осыны алға тартқан тұрғындар әкімдік пен полиция қызметінен бақылауды күшейтуді сұрап отыр.

 

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.