Кеше ғана ғылыми фантастикаға тән құбылыс болып көрінген жасанды интеллект бүгінде адам өмірінің барлық саласына терең еніп келеді. Ол өндірісте еңбек өнімділігін арттырып, медицинада диагноз қоюға көмектесіп, білім беру жүйесін жаңаша бағытқа бұрып отыр.
Енді бұл үдеріс ақпарат саласын да айналып өтпеді. Қазақстандық медиа кеңістікте виртуалды жүргізушілер пайда болып, жаңалықты цифрлық кейіпкерлер жеткізе бастады. Өңірлік телеарналар арасында бұл бағытта алғашқылардың бірі болып «Ertis» телеарнасы батыл қадам жасады. Арнаның виртуалды жүргізушісі – «ADALbek» жобасы телевизия саласына жасанды интеллектті енгізудің алғашқы тәжірибелерінің бірі болып саналады.
«Ertis» телеарнасының директоры Жұмабек Смановтың айтуынша, бұл — жоба заман талабынан туындаған қажеттілік әрі медиа саласының жаңа мүмкіндіктерін көрсететін маңызды қадам.
– Бүгінгі ақпарат кеңістігінде бәсекелестік өте жоғары. Көрермен тек мазмұнды жаңалықты емес, оны ұсынудың жаңа нұсқасын да күтеді. Сондықтан біз технологиялық жаңашылдықты енгізуді жөн санадық. Жасанды интеллект – болашақтың емес, қазіргі медианың ажырамас бөлігіне айналып отыр. ADALbek алғаш рет «Әкім сағаты» бағдарламасында көрерменге таныстырылды. Жобаның негізгі мақсаты – дәстүрлі телевизияны заманауи технологиялармен ұштастыру, ақпарат тарату ісін жаңа нұсқаға бейімдеу және эфир сапасын арттыру. ADALbek – біздің алғашқы тәжірибеміз ғана, алдағы уақытта бұл бағытты одан әрі дамытамыз, – дейді Ж.Сманов.
Виртуалды жүргізушіні жасау барысында мамандар LIP SYNC технологиясын қолданған. Бұл технология кейіпкердің ерін қимылын дыбыспен дәл сәйкестендіріп, экрандағы бейнені шынайы етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мәтінді дыбыстау үшін нақты адамның дауысы жазылып, кейін жасанды интеллект көмегімен оның цифрлық көшірмесі жасалған.
Жұмабек Өркенұлының айтуынша, мұндай жобаны әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрады: Алдымен деректер жинақталады, кейін жүйе оқытылады, одан соң визуал мен дыбыс бір-бірімен сәйкестендіріліп, толық цифрлық кейіпкер қалыптасады. Бұл процесс кейде бірнеше аптаға, кейде күрделілігіне қарай бірнеше айға созылады.
– Мәтінді дыбыстау үшін, шынайы адамның дауысын қолданамыз. Әуелі адамды сөйлетіп, оның дауысы жазылады. Арнайы платформа арқылы кез келген мәтінді сол дауыс арқылы жасанды интеллект аудиофайлмен дыбыстап, жасап берді. Одан бөлек, «Ertis» телеарнасының биылғы жылғы жаңа маусымға арнайы дайындаған жобасының бірі — «IT start». Бұл — өңіріміздегі білімнің іргелі қара шаңырағы — ақпараттық технологиялар колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға отыруымыздың жемісі. Хабарды толығымен студенттер өздері жасап шығады. Тың инновациялық жетістіктері жайлы өздері баяндайды. Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» хабары жаңа маусымда жаңаша нұсқада бейімделді. Жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, жүргізуші облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Жанар Билялованың өзінен аумайтын нұсқада жасап шықтық. Сәйкестіктің сапалы жасалғаны соншалық, тіпті департамент қызметкерлерінің өзі жүргізушінің виртуалды екеніне иланбай қалды, – дейді телеарнаның директоры.
Жасанды интеллекттің тележурналистикаға енуі – уақыттың талабы тудырған өзгеріс. Бұл – тек технологиялық жаңалық емес, ақпарат тарату мәдениетінің жаңа кезеңі. Дегенмен, қандай жетістікке жетсе де, медиа саласының басты құндылығы – адам факторы, шынайылық пен сенім болып қала бермек. Сондықтан болашақта адам мен технологияның үйлесімі ғана сапалы контенттің жаңа деңгейін қалыптастыратыны анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.

