Биыл шілде айынан бастап еліміздің көші-қон саласына бірқатар өзгерістер енгені белгілі. Соның бірі – шет мемлекетте тұратын этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасының берілуі. Жаңа құжат кімдерге арналған? Онда қандай құқықтар көрсетілген? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповамен сұхбаттасқан едік.
— Альмира Аманқызы, алдымен «Ата жолы» картасы жөнінде толығырақ түсіндіре кетсеңіз…
— Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көші-қон саласындағы өзгерістерді жұртшылыққа түсіндірудеміз. Соның ішінде «Ата жолы» картасы шет елдерде тұратын этникалық қазақтарға ғана 10 жыл мерзімге берілетін ерекше құжат екенін атап өткен жөн. Мұндағы басты мақсат – алыстағы ағайынның тарихи Отанымен байланысын нығайту, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Яғни, осы картаны алатын шетелдік қазақтар атамекенінің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуы тиіс. Ол үшін олардың осы жақта кәсібін жалғастыруына және жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік жасалады. Ең бастысы, карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. Яғни, «Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтар басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие болуымен ерекшеленеді.
— Карта иелеріне қандай құқықтар беріледі?
— «Ата жолы» картасын алушылардың Қазақстанда емін-еркін жүріп-тұруына барынша жол ашылады. Сонымен қатар, олар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеу мекемелерінің қызметіне де жүгіне алады. Яғни, медициналық көмек қолжетімді болады. Заң бойынша да құқықтары толық сақталады. Атап айтқанда, ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес ел аумағында жұмысқа орналасуға, Кәсіпкерлік туралы кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілері бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, ҚР «Білім туралы» Заңы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және жоғары оқу орындарында конкурстық негізде білім грантын иеленуге, ақылы оқуға, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға толық құқығы бар. Сондай-ақ картаға ие болған этникалық қазақтар еңбек ету немесе кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қайда қоныстанатынын өзі таңдайды.
— Ал керісінше, «Ата жолы» картасын алушыларға неге тыйым салынады?
— Бұл адамдар ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінде сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке де кіре алмайды. Егер карта иелері Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, онда жергілікті тұрғындармен тең құқыққа ие болады. Шет елдік этникалық қазақтардың ҚР азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға құқығы бар. Бірақ олар азаматтық алғаннан кейін картасы жарамсыз болып қалады. Жалпы, биыл ғана қолданысқа енгізіліп отырған жаңа құжаттың этникалық қазақтар үшін де, еліміз үшін де маңызы зор деп есептеймін. Шеттегі көзі ашық, көкірегі ояу және қалталы азаматтарымыз атажұртындағы ағайынмен араласып, елдің дамуы үшін жұмыла жұмыс істейді. Бұл – екі тарап үшін де керемет мүмкіндік.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.