Еңбек күніне орай облыстың 33 қызметкері марапатталды. Марапаттарды теміржолшылар, энергетиктер, металлургтер, химиктер және техникалық қызметкерлер алды. Олардың барлығы — «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қатысып, әр саланың үздіктерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, «Еңбек жолы» байқауында» жеңімпаз атанған қызметкерлерді марапаттады.

— Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні. Бұл мереке – барша еңбек адамдарына деген құрметтің, ерекше ықыластың белгісі. Баршаңызды бәрімізге ортақ еңбек күнімен құттықтаймын! Біз экономиканың әр бағытында нәтижелі жұмыс істеп, елеулі нәтижелерге қол жеткізіп жүрген мамандарды мақтан тұтамыз, — деп атап өтті А.Құрманова. Шара барысында «Еңбек жолы» байқауына қатысқан 33 маманға облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандардың арасында жергілікті зауыттың бірінде еңбек ететін оператор Жасылбек Тақыров та бар.

— Еңбек саласына 15 жастан бастап араласып келемін. 40 жыл әр салада еңбек еттім. Жалпы еңбек өтілім – 45 жыл. Соңғы 10 жылда Электролиз зауытында оператор болып қызмет етемін. Жұмыстың оңайы жоқ. Осы уақыт аралығында бірнеше шәкірт тәрбиеледім, — дейді ол. Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді. Оның негізгі мақсаты қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару болып табылады.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген — Константин Шелков.