Майқайыңдағы алтын кенішінде оқыс оқиғаның орын алғанына тура үш апта болды. Осы уақыт бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары әзірше нәтиже берген жоқ. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

 

Павлодар облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы осы жылдың 4 қаңтарында Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі «Майқайың-алтын» АҚ аумағында болған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Сондай-ақ, тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалды.

—  Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменттері мен құтқарушылардың жеке заттары жер бетіне шығарылды. Қазіргі уақытта оқиға орнына жол салу үшін топырақ шығарылып, геосканерлеу жүргізілуде. Шағын көлемді экскаваторлар түсіріліп, екі құтқарушыны іздеу жалғасып жатыр. Тау жыныстарының тұрақсыздығына және шұңқыр астында қуыс жерлер пайда болып, топырақтың басуына байланысты жұмыстар қиындық туғызып отыр.

Қылмыстық істі тергеу аясында кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ басшылығынан жауап алынды. Сонымен қатар, қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды, — деп хабарлайды Павлодар облысының прокуратурасы.

Айта кетейік, оқыс оқиға орын алған аумақта әлі де топырақтың опырылып, тастың құлау қаупі жоғары. Сондықтан із-түзсіз жоғалған құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден Мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдап, шетелдік мамандарды да тартуды сұрады.

— Бүгін жолдасымның қасымызда болмағанына 18 күн болды. Артында еңіреп, кәмелет жасқа толмаған, тіпті аузынан сүті кеппеген бес балам әкесін күтіп отыр. Бұған дейінгі іздеу жұмыстарынан еш нәтиже жоқ. Маған қазіргі таңда жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары маңызды емес. Оны кейін зерттеп үлгересіздер. Маған азаматым, бес баламның әкесі, отбасы қорғаны керек. Неге өзге мемлекеттерден көмек сұрамасқа? Неге техника алмасқа? Құрметті Президент, сізден осы апатқа байланысты жұмыстарды ерекше жеке бақылауыңызға алуды сұраймын, — деді ол.

Бірақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Олег Трещев қазіргі уақытта шетелдік күштің қажеті жоқ екенін алға тартты.

— Әрине, жағдай күрделі. Мұндай оқиға біздің елде ғана емес, әлемде алғаш рет орын алып отыр. Дей тұрғанмен, барлық тәжірибені саралап, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шыңыраудың іші ғана емес, оның жиегі де жарылып, қауіп тудырып тұрғандықтан жағдайдың қиындап отырғаны да бар. Бірақ шетелден көмек шақырудың қажеті жоқ. Біздің мамандардың кәсіби біліктілігі жеткілікті. Біз діттеген мақсаты-мызға жетеміз, — деді О.Трещев.

Сонымен қатар, кейбір әлеуметтік желілерде апат себебін анықтауға кіріскен комиссия бірер күнде жұмысын тоқтатады деген ақпарат жарияланды. Бірақ «Майқайың-алтын» кен байыту комбинатының директоры, комиссия мүшесі Қуаныш Ботин оны жоққа шығарып, жұмыстың жалғасатынын кесіп айтты.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын топырақ опырылып түскен шұңқырға екінші шағын экскаватор түсірілді. Қазу жұмыстары бірнеше аумақта жүргізілуде.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.