Қазақстанда 2013 жылы бастау алған «Халық — тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы қазақ жерінің тарихын, соның ішінде өлке тарихын зерттеуге бағытталған маңызды шара екені даусыз. Жалпы, өлке тарихы отандық тарих аясында жалпылама қарастырылып, жіті терең зерттелмей, тек жергілікті өлкетанушылардың пайымдауларынан аса алмай жүргені де — ақиқат. Өлкелік тарихтың келбетін толық аша алмай жүргеніміздің бір сыры осында жатса керек.

Өлке тарихын зерттеуді сол өлкеде өмір сүрген танымал тұлғалардың өмірін зерделеумен ұштастыра қарастырсақ, жеке тұлғалар арқылы сол өңірде өмір сүрген халықты да тарихи деңгейде таныта алар едік деп ойлаймын. Осындай танымал тұлғалар Павлодар облысының қазақтары ежелден «Құлынды даласы» деп атап кеткен бүгінгі  Успен ауданы аумағында да аз болмаған еді. Солардың бірі де бірегейі – Құлынды даласында тұңғыш мешіт салдырған молда, халық емшісі, көріпкел Омар Махамбетұлы.  Омар молда 1872 жылы қазіргі Новосібір облысы, Қарасуық ауданы, Октябрьск сельсоветіне қарасты Тоқпан ауылында дүниеге келген. Октябрьский сельсовет 1971 жылға дейін Акпановский сельсовет және Ақпан ауылы деп аталды. Ақпан мен Тоқпан бір кісінің, яғни Байтоқа атаның балалары болатын. Байтоқаұлы Тоқпан осы Махамбетұлы Омар молданың туған атасы болып келеді. 1971 жылы Ақпан ауылының аты Октябрьск деп өзгертілді де, Тоқпан ауылының аты әлі күнге дейін солай сақталып қалды. Жалпы, Новосібір облысының Қарасуық ауданының аумағы түгелдей бұрын таза қазақтар мекендеген, «Қарасу-қазақ» деп аталған, қазақтардың ұлан-ғайыр кең атамекені болғаны тарихтан мәлім. Патша өкіметі біртіндеп жүргізген отарлау саясатын Кеңес үкіметі одан әрі жеделдетіп, осы солтүстік Құлынды даласында, яғни Қарасуық аумағында отырған орта жүздің қазақтарын өздері мекендеп отырған атақоныстарынан күштеп ығыстырып, олардың орнына ішкі Ресейден жоқшылық- қа ұшыраған орыс босқындарын әкеліп орналастыра бастағаны тарихтан мәлім. Нәтижесінде Қарасуық ауданындағы шөбі шүйгін, топырағы құнарлы, жері шұрайлы атамекендерінен айырылған қазақтар амалсыз ішке қарай, қазіргі Успен ауданы аумағына қарай ығысып, көше беріпті. Осындай отарлау саясатының кесірінен Омар молда 20-ғасырдың басында өзі туып-өскен Қарасу өңірінен  қазіргі Павлодар облысы, Успен ауданы, Лозовое селосы аумағына ығысып, көшіп келіпті. Ол кезде Лозовое селосының орнында «Қосағаш» деп аталатын үлкен қазақ ауылы отыратын еді. Алайда көп ұзамай «Қосағаш» ауылының қазақтары да күштеп ішкері көшіріліп, ол жерге Ресейден келген орыстар қоныстандырылып, кейін ауыл аты «Лозовое» деп өзгертілді. 1921 жылы Омар Махамбетұлы қазіргі Успен ауданы Қозыкеткен ауылдық округіне қарасты «Сиыр өлген» жайлауында, Ажболат көліне жақын маңайдан өз қаржысына биік ақшаңқан мешіт үйін салғызды. Бұл тек қазіргі Успен ауданы аумағындағы ғана емес, бүкіл Құлынды даласында ашылған алғашқы мешіт үйі болатын. Омар Махамбетұлы  — тек мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген діни ұстаз ғана емес, Құран мен Сүннетті терең меңгерген дінтанушы, халық емшісі, көріпкел ретінде де ел есінде қалған қасиетті тұлға. 1949 жылы Омар Махамбетұлы 77 жасқа келіп өмірден озғанға дейін, бүкіл Құлынды даласындағы талай науқас жандардың ауруларына шипа болып, емшілікпен айналысқан халық емшісі, әрі діни мектеп ашып бала оқытқан ұстаз болған. Омар молданың көзін көрген Павлодар облысы Успен ауданының байырғы тұрғыны Қорлығайын Құсайынқызы Омар Махамбетұлы туралы көп деректер айтты:

— Мен — Павлодар облысы, Успен ауданының ең байырғы тұрғынымын. Биылғы 2021 жылы 98 жасқа шығайын деп отырмын. Өзім 1923 жылы қазіргі Павлодар облысы, Успен ауданы, Лозовое селосында дүниеге келдім. Лозовое селосы 1925 жылға дейін «Қосағаш» ауылы деп аталды. Оған таяу Жалтырқақ деген де ауыл болды. Ауданымыздағы тұңғыш мешіттің негізін қалаған білімдар молда, халық емшісі Омар Махамбетұлын мен бала кезден көріп өстім. Себебі менің әкем Құсайын мен Омар Махамбетұлының әкелері Құдайберген мен Махамбет бір кісінің, Тоқпан атаның балалары болатын, яғни менің әкем Құсайын мен Омар ата — бел немере ағайын адамдар. Омар молда мен менің әкем Құсайынның отбасы басқа да қазақтармен бірге Қосағаш ауылын-дағы қоныстарынан күшпен көшіріліп, қазіргі Қозыкеткен ауылына қарасты, Ажболат көлінің жағасындағы «Сиыр өлген» жайлауына қоныс аударуға мәжбүр болды. Себебі отарлау саясатының нәтижесінде қазақтарды құнарлы жерлерінен айырып, тысқырып ішке қарай қуа бастаған еді. Нәтижесінде Ажболат көлі маңайындағы «Сиыр өлген» жайлауын қарақыпшақ руының Жолаба бөлімінің өкілдері, Қосқамыс деген жерді таңатар руының өкілдері, Жайнақ-қырыққұдық деген жерде бәсентиін-бүкі руының адамдары мекендеп тұрды. Бұлардың бәрі қазіргі Лозовое, бұрынғы «Қосағаш» ауылынан орыстар күшпен көшірген жергілікті қазақтар еді. Менің балалық шағым осы «Сиыр өлген» жайлауындағы шағын ауылда өтті. Әкемнің айтуынша, осы жерден Омар Махамбетұлы 1921 жылы үлкен ақшаңқан мешіт үйін салдырыпты. Мешіт салатын маманды сонау Башқұртстан елінен жалдап алғызған екен. Ол кездері діни оқуға халықтың үлкен мән беретіні соншалық, Омар молда атамның бір діни кітапты татар саудагерлерінен бір жылқы беріп сатып алған кезі болыпты. Байлар молда жалдап, балаларын жаппай діни оқуға беретін. Тіпті кедей балаларының өзі жоқ дегенде намаз сабағын оқып шығатын. Омар молданың мешіті аппақ тастан салынған, жұлдызшаның суретімен көмкерілген, азан шақыратын мұнарасы бар әжептәуір үлкен мешіт болатын. Мен оны өз көзіммен көрдім. Бала кезімізде біздің жақтың қысы ұзақ әрі қатты суық болушы еді ғой. Әсіресе қар өте көп түсетін. Ауыл тұрғындары мешіт маңынан қыс мезгілінде жаппай аққала соғады. Біз, кішкене балалар, осы аққаланың ең биік жеріне шығып алып, итшанамен төмен құлдилап, сырғанақ теуіп ойнайтынбыз. Үйге қайтуға асықпаймыз. Омар ата өз мешітінен ақшам намазын хабарлап, мұнарадан айқайлап азан шақырғанша ойнап жүре береміз де, азан дауысын естісімен шанамызды тастай үйге қарай жүгіретін едік. Себебі, анамыз «Омар ата азан шақырғанда дереу үйге қайтыңдар» деп, қатаң түсіндіріп жіберетін. Үлкеннің сөзін екі етпей, бір құлағымызбен мешіттен шығатын молданың азанын қалт жібермей бағып жүреміз. Қайран балалық шақ-ай, ол да бір өткен дәурен екен-ау! Бала болсақ та Омар молда сол мешіт ішінде ауырған адамдарды қабылдап, емдейтінін  біліп жүретінбіз. Содан ба, солай қарай жақындап баруға қорқатынбыз. Омар молда науқас адамдарды белгісіз бір сөздерді күбірлеп, арнайы бір оқу оқып емдейтін. Сондай кезде анам Қапиза мешіт сыртынан жасырынып тың тыңдап: «Жарықтық Омар атам ауруларды теріс оқумен емдейді екен. Әйтпесе мынау арабша емес» деп айтып жүретіні де есімде қалыпты. Кісі емдеп жатқан жерге жан баласын кіргізбейтін. Ауылымыз Ажболат көліне жақын орналасқан еді. Жазда анам бастаған бір топ әйел көл жағасына барып, көкшілдеу шұбар түсті жұмыртқаны шелек-шелек етіп теріп әкеледі. Сондайда Омар молда: «Бұл шағаланың жұмыртқасы ғой, оған тиіспеңдер, обал болады» деп ескертетіні де есімде қалыпты. 1929 жылы Коммунистік партия Павлодар өңірінде дінге қарсы ашық шабуыл бастап, мешіттер жаппай қиратылып, молдалар қудалана бастауына байланысты бүкіл Құлынды даласында алғаш мешіт ашқан Омар молда  Қазақстаннан Ресейге, қазіргі Новосібір облысының Қарасуық ауданы аумағына қарай қашуға мәжбүр болды. Сол жақта біржола орнығып, қазіргі Қарасуық ауданы, Шендоровка деревнясында өмірінің соңына дейін тұрды. Бұл ауыл Шендоровка деп бертін аталды, әйтпесе бұрынғы қазақтың «Ақтүйе» деген ауылы болатын. Омар молда әсіресе бала көтере алмай жүрген әйелдер мен талма ауруы бар науқастарды жақсы емдейтін. Ол уақытта психикалық құтырма ауруын қазақтар «Талма ауруы» деп атайды. 1937 жылы Новосібір облысында байлар мен молдаларды жаппай қудалау басталғанда Омар ата осы емшілік қасиетінің арқасында аман қалыпты. Новосібірдегі жергілікті НКВД-ның үлкен начальнигінің балиғат жасына келіп қалған қызы кенеттен өзінен-өзі  көтеріліп, құтырма ауруымен науқастанған екен. «Ел құлағы елу» дегендей, біреу сол жергілікті НКВД бастығына «Мына Қарасуық ауданындағы Шендоровкада құтырма ауруын жақсы емдейтін қазақ емшісі бар» деп хабарласа керек, дереу араға кісі салып, атамызды қалаға алдырып, қызын қаратыпты. Қасиетіңнен айналайын молда атам-ай, ешкімге бой бермей, байлап әкелген орыстың қызын маңдайынан бір сипап тыныштандырып, үш айырық жолға апарып үшкіріп аластап, ұшықтап, әлгі қызды үш күнде ауруынан құлан-таза айықтырыпты ғой, жарықтық. Содан әлгі Новосібірдегі  НКВД-ның дөкей бастығы Омар молданың қолына «Бұл кісіге ешкім тиіспесін» деп, мөр басылған бір жапырақ құжат беріп кетіпті ғой. Сол тілдей қағаз репрессия жылдарында атамыздың шыбын жанын алып қалды. Әйтпесе 1937 жылы Қарасуық ауданындағы бай-манаптар мен молдалар жаппай қудалауға ұшырап, талайы итжеккенге  айдалып кетті ғой. Көбі сол кеткенінен кері оралмады. Успен ауданы мен Қарасуық ауданы шекаралас, ауылы аралас, қойы қоралас болып жататын аудандар ғой. Омар атам Добалшілік ауылындағы менің әкемнің үйіне жиі келіп, бізбен жақсы қатынасып тұрды. Ол кезде қазіргідей техниканың түр-түрі жоқ, ауыл-ауылға қатынас қиын кез ғой. Омар молда  кейбір науқастардың шақыртуына жазда ат арбасымен, қыста ат шанасымен өзі баратын. Ол кісінің  алдында атқосшысы отыратын, артында өзі отыратын шағын тарантас арбасы болғаны да есімде. Ауру адамдарды айдалаға айырық жолға апарып ұшықтап, матадан қуыршақ жасап, ауруын соған көшіріп емдейтін. Ал өкпе ауруын мал сойдырып, малдың өкпесімен қағып емдейтін. Емдеп жатқан уақытында түсініксіз бір тілде күбірлеп сөйлейтінін де білеміз. Арабша да емес, қазақша да емес, белгісіз бір теріс оқумен емдейтін еді жарықтық. Мына Карасук ауданы, Алешино ауылында Абраев Әбдіғали Әуілайысұлы  деген жас жігіт тұрды. Анасының  руы — Қарақыпшақтың Жолаба деген бөлімінен, сол жағынан Омар атаға жиен де болып келетін еді. Сол жігітті Омар емші өзіне тарантас жүргізетін атқосшы етіп алды. Себебі, кейбір өздігінен жол жүре алмайтын ауыр науқастарды емдеуге екі кісілік тарантас арбасына отырып Омар молданың өзі  баратын. 1948 жылы сондай бір жолсапарына әлгі Әбдіғали деген жігіт атқосшы болып бірге еріп барыпты. Ауылдан біраз озып шыққан соң Омар молда өзінен-өзі белгісіз бір сөздерді күбірлеп, кейіннен ақырып-жекіріп, әлдекіммен сөйлескендей: «Қал, малғұн, жоғалт көзіңді» деп, қолын ерсілі-қарсылы сілкілеп, дауыс көтере сөйлесе бастапты. Бұл аң-таң. Себебі, айналада бұлардан басқа тірі жан жоқ, айдалада келе жатыр ғой. Содан әлгі Әбдіғали жиендігіне салып: «Омар нағашы-ау, кімге айқайлап келе жатырсыз, екеумізден басқа жан баласы жоқ қой айналада» деп, бір жағынан нағашы атасымен әзілдеп, сұрап қоймапты. Омар молда біразға дейін тіл қатпай үнсіз отырыпты да, кенет:

— Қақылдап қоймадың ғой, кімге ақырып жатқанымды көргің келіп тұр ма? Онда артыңа қара!» деп саңқ ете қалыпты. Әбдіғали артына жалт қарағанда көрген нәрсесінен қатты шошынып, «Нағашыеке» деп Омар молданың алдына жата кеткен екен. Себебі, тарантастың артынан сақал-шаштары жалбыраған,  түрлері аса қорқынышты беймәлім бір жын тәрізді мақұлықтар жанұшырып жүгіріп келе жатыр екен дейді. Атаңа лағнет, жын-шайтан деген солар екен ғой. Әдетте олар кез келген кісінің көзіне көріне бермейді ғой, өзімнің тұспалдауымша Омар молда өз қасиетімен, ешкім ұқпайтын белгісіз бір теріс оқуының күшімен әлгі малғұндарды Әбдіғалидің  көзіне көрсетті ғой деп ойлаймын. Көпшілік ортада Омар молда жөнінде әлдеқандай әңгіме қозғала қалса, менің көз алдыма ылғи да осы бір оқиға елестейді де тұрады. Омар молда туралы Павлодар облысы, Успен ауданының байырғы тұрғыны Сәнжанбек Рамазанұлы Тоғаев та бір тосын оқиғаны айтып кетіп еді. Оның әкесі Рамазан Тоғайұлы ертеректе Успен ауданының қазіргі Қозыкеткен ауылдық округі аумағындағы «Сиыр өлген» жайлауында Омар Махамбетұлымен бір ауылда тұрған еді. «Сиыр өлген» жайлауындағы  кезінде Омар молда салдырған көне мешітті большевиктердің қалай қиратып, жермен-жексен еткенін де әкесінен естіп біліпті. Сол мешіттің орнына тірі кезінде Рамазан әкесі талай өзі барып, дұға бағыштап, кейін Сәнжанбекті де ертіп апарып, мешіттің орнын көрсетіп кеткен екен. 1955-56 жылдары Успенка ауылы мен «Путь Ильича» колхозының (қазіргі Қозыкеткен ауылы) ортасына үлкен ет комбинаты салынып, оның алғашқы директоры болып Қабыш Дүйсекеев  тағайындалды. «Сиыр өлген» жайлауынан комбинат қажеттілігі үшін мал бордақылау алаңы салынды. Бір өкініштісі, сол бордақылау загоны дәл Омар молда салдырған мешіттің орнының дәл үстінен салынып кеткен екен. Сол загонды бірнеше күзетші кезекпен таңға дейін күзетіп шығады екен. Сол кезде загондағы малшылардың бәрі: «Апырмай, осы жұмыс басында демала алмаймыз, не құдіретінің барын білмедік, бірнәрсе бізді мазалап жатқызбайды» деп, уайымдап айтып жүреді екен. Бұл жер Омар молданың көне мешіті болған киелі жер екенін олар  қайдан білсін!? Ал Сәнжанбек оны әкесінің айтуы бойынша білетін еді. Сондықтан загон басында дем аларда Омар молданың аруағына сыйынып, өзі білетін бір-екі дұғасын бағыштап,  таң атқанша тып-тыныш, алаңсыз дем алып шығады екен. Соған әлгі малшылар қайран қалысыпты. Омар Махамбетұлы сондай бойына қасиет қонған, терең оқу қонған адам болатын. Омар молданы соңғы рет 1948 жылы көрдім. Мен ол кезде Успен ауданына қарасты Первомай колхозының орталығы «Сағындық» ауылында тұрмыста едім. Сол ауылға кісі қарауға келіп, біздің үйден ас-су ішіп кетті. Келер 1949 жылы ол кісі қайтыс болды. Омар молданың бойы ортадан сәл жоғары, сүйегі ірілеу келген, шоқша сақалды ақсары кісі болатын. Тікелей сұрақ қоймасаң, өздігінен ашылып сөйлей қоймайтын өте сабырлы, әрі тұйық адам еді. Омар атадан Қожахмет, Шаяхмет, Сейітахмет, Кенжеахмет деген төрт ұл тарап еді. Алайда Қожахмет пен Шаяхмет соғыста өлді, Сейітахмет басынан ауырып, кейін дүние салды.Кенже ұлы Кенжеахмет Ресейдің бір орысына үйленіп, соның соңынан кетіп жоғалып тынды. Омар молдадан қалған жалғыз ұрпақ — қызы Ханшайымнан тараған жиеншарлар кәзіргі уақытта Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрып жатыр, — деп аяқтады Омар молда туралы естелігін Қорлығайын Құсайынқызы.  Халық емшісі Омар Махамбетұлының көзін көрген екінші адам, Павлодар облысы, Успен ауданы, Лозовое селосының тұрғыны Нұрмұханбетов Қабыш Шеризатұлы болатын. Қабыш аға Омар молда туралы әңгімесін былай өрбітті:

— Мен, Қабыш Нұрмұханбетов, 1935 жылы Қарасуық ауданының Шендоровка ауылында дүниеге келдім. Халық емшісі Омар Махамбетұлын көзімді ашқаннан танимын. Өйткені, мен есімді білгелі Омар молданың отбасымен бірге осы Шендоровка ауылында көрші болып тұрып келдім. Омар ата өзінің ең кенже інісі Қапайдың ұлы Көкештің қолында тұрды. Себебі, Омар атаның өз ұлдары жоқ еді. Шендоровка ауылының шығыс шетінде басқа үйлерден оқшау орналасқан үш үй  өз алдына бөлек тұратын. Осы үш үйдің ең шетінде менің атам Нұрмұханбет, ортадағы үйде Омар молданың отбасы, арғы шетінде Ғалымов Айтуар ағай – үш үй бірге көрші болып тұрдық. Мен ол кезде 13-14 жастағы баламын. Омар молданың үйіне алыс-жақын жерлерден ат арылтып неше түрлі науқас адамдар күн демей, түн демей келіп жатады. Кейбір құтырма ауруы бар науқастарды арбаға салып, қол-аяғын байлап әкелгенін де талай көрдім. Жаз мезгілінде Омар молда ауласына киіз үй құрып, науқастарды соның ішінде қабылдайтын. Біз бала болдық. Соның бәрін қызықтап қарап жүреміз. Сонда бір байқағаным, төрт жігітке әл бермей, байлаулы-матаулы келетін психикалық құтырма ауруы бар науқастар Омар молданың алдына әкелгенде дереу жуасып, сол бойда сабасына түсіп басылып қалатын еді. Бұл да жарықтық Омар молданың қасиетінің арқасы болар деп ойлаймын. Мен бала кезімде Омар атаның  үйіне жиі барушы едім. Себебі, біріншіден ол кісі біздің жерлас көршіміз болды, екіншіден сол үйдегі Қапаев Исатай, Қапаева Рысты деген кішкене балалармен бірлесіп ойнаушы едік. Омар молданың өзінен тараған ұрпағы болмады ма, әйтеуір інісі Қапайдың баласы Аманжолдың (Көкештің) қолында тұрды. Солар жерледі. Сол інісі Қапайдан тараған ұрпақтар: марқұм Қапаев Исатай, оның ұлдары Дастан, Арыстан кейін Павлодар облысында тоғызқұмалақ ойынын алғаш насихаттап, дамытушылар болды. Ержеткен соң мен сол Қапаев Исатайдың туған әпкесі Рыстыға үйленіп, Омар атаға күйеу бала болдым. Біздің бала кезімізде доп деген мүлде болған жоқ, Қапаев Исатай екеуміз матаны жұмарлап орап-орап, соны доп қылып теуіп ойнайтынбыз. Біз доп ойнап жүрген кезде, аулада құманына су толтырып, дәрет алып жүрген Омар молда кейде бізді қызықтап, ұзақ қарап тұрушы еді. Енді өзім куә болған бір ғажап оқиғаны айтып берейін. Омар Махамбетұлы 1949 жылы қайтыс болды да, ол кісіні Алешино селосының сыртындағы ескі мұсылмандар зиратына жерледі. Мен ол кезде 14 жаста едім. Омар ата жерленген соң көп ұзамай сол мұсылмандар зиратында әр апта сайын, бейсенбіден жұмаға қараған түнінде өзінен өзі шырақ жанатын болды. Түн мезгілінде зират ішінен өзінен-өзі от жануы әрине қорқынышты нәрсе ғой. Алешино селосының халқы бейсенбі түнінде үйлерінен шығуға қорқып, біраз дүрлігісті. Шырақтың кімнің зиратының тұсында жанатыны да белгісіз еді. Содан бір күні біздің көршіміз,  Ғалымов Айтуар Сәдуақасұлы  деген мұғалім ағай, сонау алыстағы Тоқпан ауылынан Айдарқалы деген имамды алғызып, оған зират басында бейсенбі түні жанатын шырақ оты туралы баяндап, мән-жайды түсіндіріпті. Айдарқалы имам бейсенбіден жұмаға қараған түнде мұсылмандар зиратына барып, аңдысын аңдып, шырақтың жануын күтіп отырған екен. Біраздан соң, сағат түнгі 12-ге жақындағанда зират ішінде  тағы да өзінен-өзі шырақ жаныпты. Айдарқалы имам әрбір метр сайын құран оқып, сол шыраққа жақындай беріпті, жақындай беріпті. Әбден жақындағанда шырақ жалп етіп өшіп қалыпты. Сөйтсе, әлгі шырақ Омар молданың зиратының басында жанып тұр екен дейді. Сол зираттағы шырақ бір жылға дейін көрініп жүрді де, кейін дәл сол шырақ жанып тұрған жерге ешкім екпесе де өзінен-өзі алып бәйтерек шығып, сол бәйтерек 70 жылдан бері әлі жайқалып өсіп тұр. Осы алып бәйтерек Омар молданың өз зиратына өзі қойған ескерткіші сияқты болып елестейді кейде маған. Себебі ол кісінің басына зират көтерілмеген болатын. Омар молда 1949 жылы дүние салды ғой, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда кімнің зират көтеруге шамасы келді дейсің?

P.S. Иә, Павлодар облысы, Успен ауданы аумағынан, бұрынғы Құлынды даласынан алғаш мешіт аштырып, балалар үшін діни білім беретін медресе ұйымдастырған Омар Махамбетұлы сол өңір тарихынан лайықты орын алатын тұлға екені ақиқат.Өзіне ең алдымен Алладан, сосын ата-бабасының қанымен  дарыған емшілік өнерімен де халық жадында қалған ерекше тылсым иесі еді ол. Жалпы, емшілік өнердің тарихы терең ғой. Емші болу — кез келген адамның маңдайына бұйырмайтын қасиет. Бұл тұрғыда Омар Махамбетұлының емшілік ерекше қабілеті әлі де зерттеуді қажет етеді.

Рауан ТҰРҒАНТАЙ.