Аймағымызда қызылша және көкжөтелмен ауыратындардың саны күн сайын артып келеді. Дерттің дендеп кетуіне жұртшылықтың екпеге қарсылық білдіруі себеп.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылдың наурыз айынан бері өңірде 1529 жасөспірімге қызылша диагнозы қойылған. Оның ішінде 925 жағдай биыл тіркелген. Ауырғандардың 69 пайызы – 14 жасқа толмағандар, 25,3 пайызы – ересектер. Өкінішке қарай, қызылша жұқтырғандардың 83,3 пайызы екпе алмаған. Оның ішінде 45,4 пайызы вакцина алудан бас тартқан.

Өткен жылдың күз мезгілінен бері 14 жасқа толмаған 41 бала көкжөтелмен ауырған. Оның ішінде 27 баланың ата-анасы да екпе алуға рұқсатын бермеген. Дәрігерлер жоғарыдағы статистиканы негізге ала отырып, тұрғындардан қызылша мен көкжөтелдің алдын алу үшін балаларына екпе салдыруды сұрайды. Вакцина алған балаларда ғана ағзадағы дерт асқынбайды.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.