Өткен аптаның соңында табиғат тосын мінезін көрсетті. Айналып соққан алапат дауыл салдарынан ағаштар құлап, аудан, қаладағы тұрғын үй және кеңсе ғимараттарының шатыры жұлынды. Сонымен қатар, электр сым желілері үзіліп, салдарынан бірнеше елді мекен жарықсыз қалды.

Өткен аптада тосыннан келген дауыл Павлодар облысының коммуни-кациялық тораптарына, инфрақұры-лымға біраз зардабын тигізді. Тіпті оның салдарынан осы кезге дейін электр энергиясынсыз қалып отырған ауылдар бар. Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, атқаратын жұмыс ауқымы өте көп. Соған қарамастан тиісті мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп, бүлінген дүниені барынша жедел жөндеп, қалпына келтіруде.

— Ағымдағы жылдың 18-19 қара-шасында «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалы жариялаған дауылды ескертудің қорытындысы бойынша облыс аумағында бірқатар оқиғалар тіркелді. Дауыл салдарынан 100 елді мекенде электр қуаты желілері үзілді. Бүгінгі таңда 70-тен астам ауылда жарық қалпына келтірілді, 30-ға жуық елді мекенде жарықты қосу жұмыстары жалғасуда. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына азаматтық қорғау қызметінің күштері мен құралдары жұмылдырылуда, — делінген ведомство хабарламасында. Сондай-ақ, жойқын желдің салдарынан Екібастұз қалалық ЖЭО-да электр желісі істен шыққан. Салдарынан жылыту қазандықтарының жұмысы тоқтап қалған. «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС-нің баспасөз қызметі қазіргі уақытта жылу-электр орталығын электрмен жабдықтау қалпына келтірілгенін, станция жұмысын қайта жалғастырып жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта жылумен қамту көрсеткіштері толықтай тұрақталады.

— Кей жерлерде екпіні секундына 30 метрден асатын дауылды желдің салдарынан Екібастұз ЖЭО кернеусіз қалды. ГРЭС-1-ден қуат алатын негізгі және резервтік қосалқы станциялардың тоқтап қалуына байланысты станцияны электрмен қамту бұзылды. ЖЭО-ның негізгі жабдықтары электр энергиясы есебінен жұмыс істейтіндіктен, станциядағы қазандықтарды мәжбүрлі түрде өшіру қажет болды. Қазір станция қайтадан жұмыс істеп жатыр, – деп жазылған «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС хабарламасында. Алапат дауылға байланысты аталмыш мәселе төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов ауа райының қолайсыз-дығы салдарынан облыс бойынша 83 әлеуметтік нысан зақымданғанын мәлім етті. Оның айтуынша, зардап шеккен әлеуметтік нысандардың көбі –
білім беру басқармасына тиесілі.

— Қолда бар соңғы деректерге сүйенсек, облыс бойынша 61 білім беру нысаны, 10 денсаулық сақтау мекемесі, 9 мәдени нысан мен 3 спорт ғимараты дауылдың салдарынан зардап шекті. Қалалар мен аудан әкімдіктері шұғыл комиссия отырысын өткізіп, жергілікті табиғи төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні келтірілген шығындарды есептеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қазір қираған нысандарды қалпына келтіретін мердігерлер анықталып жатыр. Бұдан бөлек, облыс бойынша қатты желдің салдарынан көппәтерлі тұрғын үйлер, жеке секторлар мен кәсіпкерлік нысандар да зардап шекті. Қазіргі уақытта олардың жалпы саны 63 бірлікті құрайды. Оның ішінде Павлодарда 16, Екібастұзда 43, Ақсуда 3 және Көктөбе ауылында бір нысан қирады. Қатты дауыл салдарынан электр желілерінде 246 апаттық жағдай орын алды. Қазіргі таңда 4 аудандағы 28 ауылдық елді мекен электр қуатынсыз қалды. Электр желілерінің кәсіпорындары электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қосымша жедел топтар құрды, — деді ол. Сонымен қатар, брифинг барысында Серік Батырғожинов жеке тұрғын үй секторында зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қатысты «Табиғи төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидалары» бар екенін еске салды. Оның сөзінше, материалдық шығынға ұшыраған зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш бере алады. Арнайы комиссия азаматтардың өтінішін қарап, тиісті шешім шығарады. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда Павлодар қаласында алапат дауылдың салдарынан құлаған ағаштарды және сынған бұтақтарды кесу бойынша жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жағдай бойынша қала аумағында жалпы саны 50-ден астам тал кесіліп, екпелердің орындары тазартылды. Сонымен қатар, құлаған ағаштардың мекенжайлары анықталған жағдайда тазалау жұмыстары жалғасын таппақ. Сондай-ақ, облыс орталығындағы жоғары кернеулі электр желілері бүгінгі таңда 100 пайыз қалпына келтірілді. Барлық алқаптардағы трансформаторлық тораптар электр энергиясымен қамтылған. Облыс орталығындағы коммуналық кәсіпорындар мен мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.