Елімізде бірлік пен достықты ту еткен түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. «Достық үйінде» өткен «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында алдағы уақытта іске асырылатын жұмыстар межеленді.

Облыс әкімі Асайын Байханов төрағалық еткен жиынға ассамблея мүшелері, құзіретті мемлекеттік органдардың басшылары және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Аймақ басшысы бірнеше өзгерістен өтіп, қызметтерін кеңейткен, уақыт талаптарына сәйкес өзгерген Ассамблея қызметінің келесі жылға арналған негізгі басымдықтарына тоқталды.

– Елдің этносаралық бірлігін нығайтуда Ассамблеяның орны ерекше. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың ұйымдастырушылық, идеологиялық және аналитикалық тәсілдерін жетілдіру қажет. «Достық үйінің» қызметі бірегейлігі және тиімділігімен ерекшеленуі керек. Мұнда мерекелік іс-шаралар, концерттер мен форумдар өткізумен қатар шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен, өңірдің қоғам белсенділерімен байланысын дамыту үшін әлеуметтану бағытында жұмыс жүргізілуі керек, – деді А.Байханов. Осыған орай облыс әкімі «Қоғамдық келісім» мекемесінің штатына әлеуметтік ғылымдар қызметкері жаңа лауазымын енгізуді тапсырды. Бұл ретте облыстың ірі қала құраушы кәсіпорындарында, жоғары оқу орындары мен колледждерінде қауымдастық филиалдарын құру бойынша тәжірибені одан ары дамыту маңызды.

– «Өзара іс-қимыл туралы меморандумдар» шеңберінде этномәдени бірлестіктердің саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту қажет. Жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда бір реттен кем емес тұрақты кездесулерін өткізуді тапсырамын, – деді Асайын Байханов. Сонымен қатар, аймақ басшысы «Үйде сөйле» жобасына тұрғындарды көбірек тартуды ұсынды. Президент қолдаған жобаны жүзеге асыруға өңір тұрғындарын көбірек тарту үшін «Жастар Ассамблеясы» осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет. Жақында аймақта қолға алынған «Қазақша ән саламыз» жобасының танымалдылығын арттырып, этномәдени бірлестіктердің қос тілде қатар сөйлейтін жастарына қазақ тілінде сөйлесетін топ құрып, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге мүмкіндік жасау керек. Аймақ басшысы Ассамблеяның өткен сессиясында Қауымдастық төрағасының қоғамдық орынбасарлары болып қызмет еткен Хусейн Кулов пен Валентина Шатоваға алғыс білдіріп, Ассамблея Кеңесінің шешімі негізінде ротациялау тәртібімен сайланған жаңа орынбасарлары – Василий Рак пен Рамиль Смаиловтың қызметтеріне сәттілік тіледі. Жиында қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтуға, сондай-ақ ҚР рухани-мәдени дамуына қосқан үлесі үшін ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гүлбарам Науразбаева «Бірлік» алтын медаліне ие болды. Сонымен қатар, бірнеше этно-мәдени бірлестік өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісінің Алғыс хатымен марапатталды.

Т.ӘБІЛДА.