Бөтеннің баласын «балам» деп бауырға басып, өз перзентіндей аналық махаббатына бөлеу әркімнің қолынан келместей көрінеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бақытжамал Мешелова — дәл сіз бен біздің ойымыздағы қағидаға бағынбаған өзгеше жан. Неге дейсіз ғой?! Ол — тағдырдың тауқыметімен ата-ана қамқорлығынан айырылып, балалар үйіне түскен панасыз бүлдіршіндерді бауырына басып, оларға аналық мейірімін сыйлай алған кең құшақты, үлкен жүректі жан. Бүгінде Павлодар ауданына қарасты Шақат балалар үйінің ана-тәрбиешісі қызметін атқарып, бір өзі сол мекеме тәрбиеленушілері үшін ана орнына ана, әке орнына әке болды. Балалар үйін өзінің екінші шаңырағына айналдырған Бақытжамал апайды әңгімеге тартып, сұхбат құрған едік.

 

— Бақытжамал Неғматқызы, сіз Шақат балалар үйінде қашаннан бері жұмыс істеп келесіз?

— Мен Шақат балалар үйінде 2007 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бір сөзбен айтқанда, осындағы балалардың анасымын. Қазіргі кезде біздің шағын отбасымызда жеті бала тұрады. Олардың бесеуі — қыз, екеуі — ұл. Барлығы Шақат орта мектебінде оқиды. Балалар толығымен мемлекеттің тарапынан қамқорлыққа алынған. Мұнда оларға бес уақыт тамақ беріліп, барлық киім кешек, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілген. Біз балалар үйіне төрт жастан бастап қабылдап, оларды 18 жасқа дейін тәрбиелейміз. Балалар үйі шағын, бірақ оның өзіндік артықшылықтары да бар. Өздерін бір отбасының балаларындай сезінеді және бір-біріне етене жақын болады. 18 жасқа толған соң Павлодардағы «Жастар үйіне» шығарып саламыз. Одан әрі отбасын құрып, тіршіліктерін жасап кетеді.

— Сіздің балалар үйіне ана болуыңызға не себеп болды?

— Негізі мұнда келмес бұрын балалар үйінде жұмыс істеймін деген ой болған жоқ. Шақат балалар үйі ашылғанда Ерболат Дәурешұлы деген азамат басшы болған еді. Менің осында келуіме себеп болған да сол кісі. Алғаш шақырған кезде жүрексіндім, бас тартқан кезім де болды. Бірақ Ерболат Дәурешұлы «Алдымен бір келіп көрсеңізші» деген өтініш айтты. Содан балаларды бір көрейін деген мақсатпен келдім. Алдымнан көздері жәутеңдеген кішкентай бүлдіршіндер шығып, етегіме оралғанда бірден қалуға шешім қабылдадым. Сол кезде балалардың ең кішкентайы бес жаста болатын. Қамқорсыз сәбилер алдымнан шығып «Сіз бізге мама болып жұмыс істейсіз ғой, иә?» деп тұрғанда оларды қиып кету мүмкін емес еді. Балалық шағынан бастап тағдырдың тауқыметін тартып, өмірдің қиындығына тап болған бүлдіршіндердің ана мейіріміне мұқтаж екенін аңғардым да, тағы бір рет жылатып кетуге арым жетпеді. Ойланбастан: «Иә, осында сендердің мамаларың боламын» дедім. Сөйтіп, 2007 жылдың мамыр айында жұмысқа келдім. Сол кезде үлкен қызымыздың 13-ке толған туған күні болды. Барлығымыз бірге тойлап, оны жаңа жасымен құттықтадық.

— Балалар үйіне алғаш келген кезде олармен тіл табысу қиын болған жоқ па?

— Қиын болды деп айта алмаймын. Барлығы да тәртіпті, тәрбиелі балалар болды. Ол кездегі балалар да көбі мектепте оқитын, сабақ үлгерімдері де жақсы болды. Бір-біріне жақсы көмектесетін. «Балалар үйінің балалары тәрбие-
сіз екен» деген сөз айтылмасын дейтін өздері де. Менің жұмысыма да қолғабыс жасайтын. Біз тез үйреністік. Тіпті, түнгі уақытта барлығымыз бір төсекке жатып, оларды бауырыма басатын едім. Барлық тәрбиеленушілерді дәл өз баламдай жақсы көріп кеттім. Береке-бірліктері де мықты болды. Кей кездері мектептен мұғалімдер келіп, балалардың жағдайымен танысады. Басқа да адамдар келеді. Сонда қыздарым келген қонақтарға шай құйып, құрметтерін көрсетіп жатады. Мен оларды еңбекке баулыдым. Көктемде қияр, қызанақ егіп, оны күзде жинап аламыз және қыздармен бірге салат жабамыз. Мен қандай жұмыс істесем де олар қасымда жүреді.

— Сіз балалар мекемеден шыққаннан кейін де байланысыңызды үзбей, тіпті олардың отбасын құруына көмектеседі екенсіз…

— Иә, дұрыс айтасыз. Біз балалармен байланысымызды үзбейміз. Себебі олардың бізден басқа жақындары жоқ, жанашырлары аз. Сондықтан балалардың үй болуына, үйленіп, тұрмыс құруына да қол ұшын береміз. Осы күнге дейін төрт қызымыз тұрмысқа шықты. Үш ұлымыз үйленді, келінді болдық. Олардан 12 немере-жиеніміз бар. Үлкен ұлымыз Екібастұзда тұрады. Шаңырақ көтерген ұлдардың көбі кезекпен үй алды. Менің өзімнің ұлым мен келінім де осы мекеменің түлектерімен жақсы қарым-қатынаста, бір-біріне көмектесіп жүреді. Себебі барлығы бір жерде өскендіктен бір үйдің баласындай сезінеді.

Менің жалғыз мақсатым – сол балаларға жетімдікті сездірмеу, дұрыс тәрбие беріп, ақылды адам болып өсіру болды және сол мақсатыма жеттім. Қолымнан келгенше жақсы мен жаманды үйретуге тырыстым. Ұлдарды үйдің тұрмыстық шаруаларына бейімдеп, қыздарды тамақ істеп, киім тігуге баулимыз. Тіпті, қыз балаларға кейін бір шаңырақтың келіні болатындарын естеріне салып отырамын. Әрине, кішірек кезде олар ондай әңгіме айтыл-ғанда ұялатын. Бірақ менен  басқа кім айтады?! Ал кейін тұрмысқа шыққан соң алғыстарын айтып жатады. Себебі бізден үйренген-дері оларға өмірлік сабақ болды.

— Қоғамда жетім балаға деген сыңаржақ көзқарас бар. Осы ретте оларды бүтін отбасылар қалай қабылдап жатыр?

— Біздің балалар үйленгенде барлық жұмыстарын, дәстүрлі рәсімдерін өзім атқардым. Тіпті, екі келінді өзіміздің шаңыраққа түсірдік. Сырға салу, құдалық сөйлесу дәстүрлерінің бәрін қалдырмай жасадық. Ал қыздар тұрмысқа шығарда құдаларымыз бізге келіп, рұқсаттарын алды. Тіпті, қоржын салып келген құдаларымыз да болды. Біз де оларға қоржын салып қайтардық. Бір сөзбен айтқанда, ұл-қыздарымыздың барлығы қазақтың салт-дәстүрімен үйленді. Бүгінде ата-енелері мақтап отырады. Құда-құдағилармен араласып тұрамыз.

Балалар үйінен шыққан бала деп ешқандай шеттету, кемсіту болған жоқ. Той қаражатының барлығын өздері жинайды, біз де көмегімізді көрсетеміз. Жалпы, бізде тәрбиеленген балалардың артық- ауыс қылықтары жоқ, ешқайсысы ішімдік пен темекіге құмар болмады. Жоғары оқу орындарына да өз білімімен түсті. Барлығы өздері қалаған мамандықтарын меңгеріп, жұмыстарын істеп жүр.

— Балалар өздерінің балалық шағы өткен мекемеге келіп тұра ма?

— Балалар есейіп алысқа кетсе де өздерін ұшырған, қанаттандырған жылы ұялары – Шақат балалар үйіне келіп тұрады. Бұрын кішкентай болған кезде есік алдына гүл отырғызатынбыз. Сол гүлдердің өскенін көріп, өз қолдарымен суарып кетеді. Мекемеге не керек деп сұрап, кемшілік нәрселерді жеткізіп береді.

— Ата-аналар өз перзентінен қандай жағдайда бас тартады? Сөз соңында осы мәселе төңірегіндегі пікіріңізді білсек…

— Бұған әртүрлі жағдай себеп болып жатады. Көп адам әлеуметтік жағдайларының төмендігі, яғни, жұмыссыздық пен жоқшылықтың салдарынан балаларынан бас тартады. Сол секілді ащы судың құрбаны болғандары да бар. Кейбір ата-аналар жіберген кемшіліктеріне өкініп, ата-аналық мәртебесін қайта қалпына келтіріп, балаларын өз отбасыларына алып жатады. Ондай адамдарға біз де көмектесіп тұрамыз. Ал кейбір балалар есейген соң өз әке-шешесін тауып алып, қастарына алады. Мұның өзі азаматтықтың белгісі, перзенттік борыштың өтеуі дер едім. Біз балаларға үнемі кешірімді болыңдар деп айтып отырамыз. Әсіресе, кезінде түрлі жағдайлармен бас тартқан әке-шешелеріне өкпе артпауға, реніш білдірмеуге шақырамыз. Балалар да ата-аналарына түсі-ністікпен қарауға тырысады.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.