«Боранды бекет» — Брайль қарпінде

Қаз 29, 2026

Кітап – адамды ойға жетелеп, таным көкжиегін кеңейтетін рухани қазына. Оның құндылығы оқырманға жеткізген тағылымы мен терең мағынасында жатыр. Сондықтан әдебиетті әр адамға қолжетімді ету – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда мекеме қоры әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Боранды бекет» романының Брайль қарпімен басылған төрт томдық жинағымен толықты.

Бұл жаңалық көру қабілеті бұзылған жандарға танымал шығарманы өз бетінше оқып, мазмұнына терең бойлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әдеби мұраны кеңінен насихаттап, рухани құндылықтарды барша оқырманға ортақ етуге жол ашады.

Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» – адамгершілік, достық, ар-намыс пен тарихи жад тақырыптарын терең қозғайтын шығарма. Романда теміржолшы Едігенің досы Қазанғапты ата-баба қорымына жерлеу үшін жолға шығуы баяндалады. Осы сапар барысында жазушы адам болмысы, ұлттық дәстүрге құрмет, өткен тарихты ұмытпау және рухани тамырдан ажыраудың зардабы туралы маңызды ойларды ортаға салады.

Туындының мазмұнын тереңдете түсетін желілердің бірі – Найман ана туралы аңыз. Баласының жадын оятып, өткенін есіне түсіруге тырысқан ананың қайғылы тағдыры арқылы автор ана махаббатының шексіздігін және тарихи жадынан айырылған адамның рухани қасіретін бейнелейді. Шығарма көтерген бұл мәселелердің бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпағаны анық.

Көру қабілеті бұзылған азаматтардың әдебиетке, білімге және ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету – арнайы кітапхананың негізгі бағыттарының бірі. Мұнда оқырмандарға Брайль қарпімен басылған кітаптармен қатар, аудиокітаптар да ұсынылады. Қорды жаңа басылымдармен толықтыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

Кітапхана басшысы Алпысбай Әбділұлының айтуынша, кейінгі жылдары мемлекеттік тілдегі Брайль кітаптарын сатып алуға басымдық беріліп келеді. Алайда мұндай басылымдардың бағасы жоғары болғандықтан, қажетті әдебиеттердің барлығын көп данамен алу оңай емес.

– Бұрын қазақ тіліндегі Брайль қарпімен басылған кітаптар өте сирек кездесетін. Соңғы жылдары мемлекеттік тілдегі әдебиеттерді сатып алып, кітапхана қорын толықтырып келеміз. Ресейдегі арнайы баспалармен жұмыс істейтін мердігерлер арқылы сапалы, безендірілуі жақсы кітаптарға қол жеткіземіз. Дегенмен мұндай басылымдардың бағасы қымбат болғандықтан, қажетті кітаптардың бәрін көп мөлшерде сатып алу мүмкіндігі шектеулі, – дейді Алпысбай Әбділұлы.

Осы мәселені шешу мақсатында кітапханада арнайы тифлокешен аппараты мен Брайль қарпімен басып шығаруға арналған принтер қолданылады. Тифлокешен электронды мәтіндерді Брайль нұсқасына айналдыруға мүмкіндік берсе, арнайы принтер арқылы сұранысқа ие кейбір шығармаларды кітапхананың өзінде дайындауға болады.

– Қолымызда тифлокешен аппараты мен арнайы принтер бар. Солардың көмегімен электронды кітаптарды Брайль қарпіне бейімдеп, оқырмандарға қажетті әдебиеттерді әзірлейміз. Әрине, оларды көп данамен басып шығаруға мүмкіндігіміз жете бермейді. Соған қарамастан, оқырмандар сұраған кітаптарды, жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын және мерейтойларға орай жарық көрген шығармаларды Брайль нұсқасында дайындауға күш салып жүрміз, – дейді кітапхана басшысы.

Кітапхана ұжымы әдебиетті қолжетімді етудің тағы бір тиімді тәсілі – аудиокітаптар әзірлеу ісін де қатар дамытып келеді. Соңғы жеті-сегіз жылда мекеменің аудиостудиясында 50-ге жуық аудиокітап жазылған. Ал өткен жылдан бері Брайль қарпімен басылған онға жуық кітап дайындалған.

Жуырда жергілікті қаламгерлердің шығармаларын Брайль қарпімен басып шығару және авторлардың өз даусымен аудиокітап әзірлеу мақсатында «Сөйлейтін кітаптар» жобасы қолға алынды. Жобаның алғашқы қатысушысы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы.

Сонымен қатар дайын аудиокітаптар кітапхананың YouTube арнасына жүктеліп, тыңдармандарға арнайы QR-код арқылы ұсынылады. Бұл мүмкіндік көру қабілеті бұзылған азаматтармен қатар, кітапты тыңдау арқылы танысқанды жөн көретін басқа оқырмандар үшін де қолайлы.

– Аудиокітаптарды студиямызда жазып, кейін YouTube арнасына орналастырамыз. Әр кітапқа жеке QR-код әзірлейміз. Оны сканерлеу арқылы аудионұсқаны тыңдауға болады. Бұл мүмкіндік тек көру қабілеті бұзылған жандарға ғана арналмаған. Мәселен, көлікте немесе автобуста жүргенде, сондай-ақ ұзақ уақыт кітап оқудан көзі шаршайтын адамдар да аудиокітаптарды пайдалана алады. Осылайша әдебиетті тыңдау арқылы да білім мен рухани дүниені байытуға мүмкіндік туады, – дейді Алпысбай Әбділұлы.

Кітапхана жұмысына деген қызығушылық оқырмандар санының көрсеткішінен де байқалады. Жыл басынан бері тіркелген оқырмандар саны 8 760-қа жеткен. Оның ішінде кітапханаға келіп қызмет алатындардың саны 2 мыңнан асады. Ал 15 жасқа дейінгі балалар саны 1 023-ті құрайды.

Оқырмандардың таңдауы қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына сұраныс мол. Бұдан бөлек, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармалары да оқырмандар арасында кеңінен танымал.

Әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларына да қызығушылық аз емес. Оқырмандар Пауло Коэльоның «Алхимик», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» сериясы және Джеймс Клирдің «Атомные привычки» кітаптарын да сүйіп оқиды.

Кітапхана ұжымы алдағы уақытта Брайль қарпімен басылған әдебиеттер қорын молайтып, аудиокітаптар санын арттыруды және жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Мұның бәрі көру қабілеті бұзылған азаматтардың білім алуына, әдебиетпен етене араласуына және рухани әлемін байытуына мүмкіндік береді.

Айдана БОРАНБАЕВА.