Былтыр генерал-майор, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің құрметті ардагері Үкімет Смағұловтың құрметіне көше атауы берілген еді. Бұрнағы күні аталмыш көшеде орналасқан өңірлік Ұлттық қауіпсіздік департаменті ғимаратының қасбетіне Ү.Смағұловтың есімімен безендірілген алғашқы тақтайшаның салтанатты түрде ашылуы өтті.

Облыс орталығындағы бұрынғы Урицкий көшесі қазір генерал Үкімет Смағұловтың еңселі есімін еншіледі. Көше атауының ресми түрде ашылу салтанатына жергілікті зиялы қауым, қоғам белсенділері, депутаттар, ардагерлер мен генералдың туған-туыстары қатысты. Аталған көшедегі алғашқы арнайы тақтайшаны ашу құрметі ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары, ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковнигі Нұрлыбек Қайыров пен Үкімет Смағұловтың туған қарындасы Рахила Смағұловаға берілді.

Шара барысында мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 45 жыл өмірін арнаған генерал-майор Үкімет Смағұлов туралы әріптестері жылы естеліктерімен бөлісіп, оның өнегелі өмір жолын жастарға үлгі етті. Мәселен, әріптесі, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ардагері Валерий Трухин Үкімет Смағұловтың бойында батырлық пен батылдықтың негізі қаланғанын айтып, оның қызмет еткен жылдардағы еңбегі мен адамгершілік болмысы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.

— Қай уақытта да елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау — жауапты іс. Үкімет Смағұлов сол қиын жолдан қайсар болмысымен, терең білімімен өте білген жандардың бірі болды. Мен онымен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Ол қызметте өте қатал, талапшыл еді. Алайда ешқашан ешкімге дауыс көтермейтін. Әрқашан сыпайы қалпын сақтап, сабырлықты серік ете білді. Жұмысқа адал әрі бар күш-жігерін сарп ететін. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын, — деп еске алды В.Трухин.

Үкімет Смағұловтың қарындасы Рахила Смағұлова ағасының ел қауіпсіздігі саласындағы талай жылғы еселі еңбегі еленіп, еңселі есімі көше атауына берілгені үшін ризашылығын білдірді.

— Осындай маңызды іс-шараға атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін. Ағаммен бірге қызмет етіп, бүгінде оның тәрбиесін ұмытпаған жандарға құрметім шексіз. Бұл — біз үшін зор құрмет! Бұл күні ағаммен бірге қызметтес болған әріптестері оның Отанға деген адалдығымен, табандылығымен, талапшылдығы және әділдігімен есте қалғанын айтып, көңілімізді елжіретті. Ел қорғаған ерлердің ерек ізін жалғастыру үшін олардың еңбегін елеп, есімін үлгі ету қажет. Бұл елге, халыққа деген құрметтің бір белгісі болмақ, — деді Р.Смағұлова.

Айта кетейік, Смағұлов Үкімет Смағұлұлы 1926 жылғы 15 шілдеде дүниеге келген. 1944 жылы жолдамамен Кемеров қалалық БКП комитеті Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа орналасады. Қызметте жедел уәкіл көмекшісінен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасының басшысы лауазымына, кіші лейтенант шенінен генерал-майорға дейін жоғарылайды. Қызметтің қай түрінде болмасын генерал-майор Үкімет Смағұлов өзін саяси сауатты, қажырлы, еңбекқор басшы ретінде көрсете білді. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ол екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және 15 медальмен марапатталған. «КСРО Қарулы Күштерінің ардагері» атағына ие болған. 1980 жылы «генерал-майор» атағы берілді. Осылайша, Үкімет Смағұлов Павлодар облысының тұңғыш генерал-майоры атанды. Оның бастамасымен қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті орналасқан ғимарат бой көтерген болатын. Үкімет Смағұлов 1972-1988 жылдары Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасын басқарды.

 

А.МҰҚЫШЕВ.