Глеб Малиновскийдің есімі футболсүйер  қауымға етене таныс. «Жетісу»  клубының қақпашысы ерекше ойын өрнегімен бірталай  жанкүйердің жүрегін  баурап алған. Отан алдындағы  борышын  өткеруге  шақырту алған  спортшы клуб арасындағы  келісімшартын уақытша  тоқтатып,  Ұлттық ұлан қатарына қосылды.

«Шығыс» өңірлік  қолбасшылығына  қарасты №6679 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеуші Глеб Малиновский — Жетісу облысы  Қарабұлақ ауылының тумасы. Ала доптың аламанына алты жасынан ат ізін салған ұландық алғашында шабуылшы шебінде ойнапты. «Жетісу» футбол клубының жаспөспірімдер тобындағы доп додасының бірінде қақпашы жарақат алып, орнын Глебқа тапсырады. Қақпаға бағытталған толассыз соққыларға тойтарыс берген жас өрен бұдан кейін клубтың негізгі қақпашысына айналады.

— Ойынның елу пайызы қақпашыға байланысты. Сондықтан, маған артылған жауапкершілік те жоғары. Бірінші лигада ойын көрсеткен жетісулық  клуб   2021 жылы  турнир  кестесінде көш бастап, премьер-Лигаға  жолдама алды.  Мұндай мерейлі күнге жету жолында  қосқан аз да болсын  үлесім үшін өзімді  бақытты  санаймын. Сондай-ақ, Ұлттық құраманың жиырма бір жасқа дейінгі  ойыншылар  арасындағы жиындарға біраз мәрте шақырылдым, — дейді қатардағы жауынгер Глеб Малиновский.

Айта кетейік, №6679 әскери бөлімі жауынгерлік  даярлықтан бөлек,  спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Бұл,  —
әсіресе Глеб үшін ала доппен аламанға түсуге тағы да бір таптырмас мүмкіндік.

— Павлодар гарнизонында ұйымдас-тырылған футболдан өткен турнирлерде қатардағы жауынгер кәсібилігімен көзге түсті. Сондай-ақ, Глебтің жауынгерлік даярлығы да жоғары деңгейде, — дейді рота командирі, капитан Нұржігіт Алпысбаев.

«Порту» клубының ойыншысы Икер Касильясты үлгі тұтатын сарбаз  әскер сапында да қажетті жаттығуларын жасап жүр. Ол мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін клубына қайта оралып, теңбіл доптың теңдессіз шеберіне айналуды мақсат тұтады.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.