Ұлттық ұланның қоғамдық тәртіп, аса маңызды нысандар мен түзету мекемелерін күзетуде еңбегі зор. Құрамдағы әскери қызметшілер түрлі деңгейдегі іс-шаралардағы қауіпсіздікті де қадағалайды. Төтенше жағдай кезінде де Ұлттық ұлан сарбаздары бірінші болып көмекке ұмтылады. Жауынгерлерден жасақталған жеке құрам жыл сайын табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға тікелей қатысады, сондай-ақ, терроризм және ұйымдасқан қылмысқа қарсы топтармен белсенді күрес жүргізеді.

Биыл еліміздегі көктемгі су тасқынының салдарынан бірқатар облыс тұрғындары баспанасыз қалып, қарғын судың қасіретімен күресуде. Бұл соңғы 80 жылда болмаған ауқымы мен салдары бойынша ең үлкен апат деп болжанды. Осы орайда, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де тәулік бойы көмек көрсетіп, су тасқыны және су басуы ықтимал жерлерге бір жарым мыңнан астам офицерлер мен сержанттар, курсанттар мен сарбаздар жұмылдырылды. Атап айтсақ, Ұландықтар азаматтарды табиғи апат аймақтарын құлақтандыруға және эвакуациялауға белсенді қатысып, эвакуациялық пункттерге гуманитарлық көмек жеткізді. Сондай-ақ, үйлерді тонауға жол бермеу мақсатында полиция қызмет-керлерімен бірлесіп, су басқан көшелерді патрульдей отырып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етті. Төтенше жағдай кезінде жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп, суды басқа арнаға бұру және каналдарды тазарту жұмыстарын жүзеге асырды.

Облыс орталығындағы №5512 әскери бөлімі командирінің орынбасары Арман Әбдірасуловтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде жас жауынгерлер құтқару жұмыстарына тартылып, төтеншеліктермен бірге қызмет атқарады. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде Павлодар қаласынан №5512 әскери бөлімінен 50 әскери қызметші және 3 автотехника бар құрам Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылындағы қарғын судан құтқару жұмыстарына жұмылдырылды.

– Әскери бөлімнен түскі уақытта шығып, 284 шақырымды артқа қалдырып, кешкі сағат 19.00-де аталмыш ауылға да жеттік. Шолақсор ауылына жеткенде, ауылға кіреберіс жолды су шайып кеткенін көрдік. Техниканы ауылға кірер жолға тастап, резеңке аяқ киім киіп, ауылға кірдік. Кірген бойда ауыл әкімшілігі қарсы алып, мектепке орналастырды. Таң азанмен тұрып, ауылға кіреберіс жолдың жиектеріне бөгет жасап, ауыл тұрғындарымен бірлесіп жолды аштық. Кейін көрші ауылды да су басып жатқаны туралы мәлімет келіп түсті. Осылайша, Жалаулы елді мекеніне жолға шығып, жергілікті тұрғындармен бірлесіп, су басу қаупі бар жерлерге бөгеттер тұрғыздық, су басқан тұрғын үйлердегі азаматтарды қауіпсіз жерге көшірдік, – деді ол.

Айта кетейік, бұл елді мекен облыста төтенше жағдай жариялаған жалғыз ауыл болса да, қауіптің беті аз уақыт аралығында сейілді. Жас жауынгерлер құтқару жұмыстарына жұмылдырылып, табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға атсалысты. Осылайша, «жұмыла көтерген жүкті» де еңсеріп, бірлескен жұмыстың нәтижесінде Жалаулы елінің жалауы қайта желбірей түсті!

Алтынбек МҰҚЫШЕВ