«Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық бірлестігі ашылған екі жыл ішінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, насихаттауды жаңа да ұтымды арнаға салып, белгілі бір деңгейге көтерді деп батыл айтуға болады. Аталмыш ұйымның жаңа отауы Павлодар облысында құрылды.
Қазіргі уақытта бұл ұйым еліміздің төрт бұрышындағы аймақтарда, аудандарда, тіпті ауылдарда қанатын кеңге жайып, өз қатарына қазағымыздың бала қызынан дана әжесіне дейін тартуда. Бірлестік жұмысы жер-жерде кездесулер мен әлеуметтік желілердегі топтар арқылы жүруде. Негізгі басымдық — ұрпақ тәрбиесіне оң ықпалын тигізген әжелер, аталар, аналар, абысындар, жеңгелер институтының озық бағыттарын насихаттап, кейінгі ұрпаққа үйрету.
Ұлттық құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу мақсатындағы республикалық жобаның негізін қалаушы – әртіс, продюсер, көпбалалы ана Айнұр Жүгінісова аталмыш жобада ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлеріміздің ағайын-туыстың бірлігіне дәнекер болатын түрлерін жаңғыртып, өмірімізге енгізуге айрықша мән берілуде, дейді.
— Киім киюдегі қазақ өнегесін паш ету, дастархан мәзіріміздегі ерекше ғұрпымызды көрсетіп, тәрбиелік маңызын зерделеу де — ұйым қолға алған игі шаралардың бірі. Осындай ұлт мүддесін ұлықтаған, ел тағдырын өз жұмысының қазығы еткен ізгі мақсат қашан да жүректерге жетіп, өз қолдаушысын табады. Бүгінде жер-жерде жұртшылықтың дәстүрімізді жаңғыртып, озығын үйреніп, насихаттауға деген ынтасы ерекше, — дейді А.Жүгінісова.
Бірлестіктің Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Айжан Әпсаттарова жергілікті ұйымда 150-ге жуық ана бар екенін атап өтті.
— Бүгінде бұл жобаны республика бойынша 20 мың ана қолдады және 160-қа жуық филиал ашылды. Біз бірлестікті қолдау мақсатында жұмысымызды бастадық. Сол арқылы қазақ халқының ұмытылып бара жатқан дәстүрін, ұлттық киімін насихаттағымыз келеді. Жұмысымызды наурыз айында, яғни Алғыс айту күнінде қолға алдық. Бүгінге дейін 10-нан аса шара ұйымдастырдық. Әр елді мекеннен 10-нан аса аналар төрайымын тағайындадық, — дейді А.Әпсаттарова.
Орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде басталған шеру Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда жалғасын тапты. Жергілікті «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен көрмеде өңіріміздің әр ауданынан келген қолөнершілер жиналды. Солардың бірі – киіз басудың шебері Балшекер Бекетқызы.
— Киіз басу – қазақтың бұрынғы заманнан келе жатқан көркемдік құндылығы ерекше қолөнер түрі. Бұрынғы уақытта адамдар киізден моншақ, алқа, білезік жасап, сыйлыққа ұсынған. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді, мәдениетімізді насихаттап, келешек ұрпаққа дәріптеуді мақсат еттік. Бұл көрмеге жастар мәдениетімізбен толығырақ таныссын деген оймен келдік. Менің жолымды немерем Зере жалғастыруда, — дейді Б.Бекетқызы.
Алқалы басқосу ұмытылған дәстүрлер жаңғыртылған, ұлт тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың мәніне бағыт сілтеген, ұлттық киімдер дәріптелген, ән айтылып, би биленген ғибраты мол мазмұнды рухани басқосуға айналды. Соның бірі бүгінде ұмытылып жатқан салт-дәстүрлер – «абысын-ажын» салты қойылым ретінде қойылды. Шара жергілікті шығармашылық ұжымның ән кешімен аяқталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.