Биыл 1 шілдеден бастап елімізде көптен талқыланған Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Мамандардың айтуынша, жаңа кодекстің көздегені — тұрғындар тұрмысын түзету. Сонымен, бұл құжат бізге не берді? Салада қандай жаңашылдықтар орын алды? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гауһар Байтілесовамен сұхбаттасқан едік.
— Гауһар Қайыртайқызы, Әлеуметтік кодекстің күшіне енгеніне 2 ай өтті. Не өзгерді?
— Иә, биыл 1 шілдеден бастап әлеуметтік кодекс жүзеге асуда. Оның басты мақсаты — халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіп, осы бағыттағы барлық қызмет түрін бір құжатта шоғырландыру. Яғни, адамның туғаннан бастап қарттыққа дейінгі өмірі енді жаңа кодекс бойынша мемлекет назарында болады. Әрине, тұрғындар үшін тиімділігі мол. Мәселен, бүгінгі таңда облыс бойынша аз қамтылған отбасыларындағы 15,4 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек түріндегі мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Сондай-ақ, осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1-6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизацияланды. Қазіргі уақытта мектеп жасына дейінгі 4,4 мың балаға ай сайын атаулы әлеуметтік көмекке қосымша 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде төлем берілуде. Сол арқылы ата-аналар баланың жеке қажеттіліктеріне арналған өнімдерді өз бетінше сатып ала алады. Осы өзгерістің бәрі жаңа әлеуметтік кодекстің жемісі деп білемін. Осылайша, жаңа құжаттың аясында отбасындағы табыс деңгейін анықтаудың жаңаша жүйесі енгізілді, мүгедектігі бар жандарға көп мүмкіндіктер жасалды, жұмыспен қамту жағы жанданды, зейнетақы жүйесінде де оң өзгерістер орын алуда.
— Саладағы бұл жаңашыл-дықтар мен өзгерістерден көпшілік әлі де бейхабар. Жалпы, халыққа түсіндіру мақсатында облыс деңгейінде қандай іс-шаралар қолға алынуда?
— Әлеуметтік еңбек саласындағы жаңалықтар мен өзгерістерді түсіндіруге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында, яғни өңірлік теледидар және радио эфирлерінде, баспасөздер мен сайттарда 18 ақпарат жарық көрді. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері де жергілікті газеттерде, Instagram сайтында мақалалар жариялады. Бұдан басқа, облыстың ауылдық елді мекендерін қамти отырып, ҚР «Әлеуметтік Кодексінің» нормалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу кестесі бекітілді. Сол бойынша Ақсу, Екібастұз қалаларына, Ақтоғай, Павлодар, Шарбақты аударына 10 ауылдық округтің тұрғындарын қамтуға арналған іссапарлар жүзеге асырылды. Облыстың қалалары мен аудандарында жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде электрондық еңбек биржасы арқылы түсіндіру бойынша халықты жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары жұмысын жалғас-тыруда. Олар жыл басынан бері 4,7 мың адамды қамтыған 39 іссапар ұйымдастырды. Әлі де жұмыстар жалғасын таба береді.
— Әлеуметтік кодекстің басты жаңалығы – отбасының цифрлық картасының енгізілуі. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр?
— 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды. Бұл құжат 24 мемлекеттік мекеменің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған және олардың мәліметтері негізінде отбасының құрамын автоматты түрде айқындап, өмір сүру деңгейін бағалауды қалыптастырады. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау проактивті форматта көрсетіледі. Яғни, әлеуметтік төлемдер мен көмек азаматтарға ақпараттық жүйеде бар мәліметтер негізінде тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар біртіндеп жүйеден шығарылады. Аталмыш жаңа жүйенің нәтижесінде биыл жыл басынан бері облыс бойынша әлеуметтік- еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 11 түрін көрсету үшін тұрғындарға 19,2 мыңнан астам СМС-хабарлама жіберілді. Төлемдер мен жәрдемақылар 9,5 мың адамға тағайындалды. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі отбасының цифрлық картасындағы деректерді ақпараттық жүйеде өзектендіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күні жаңа жүйеге қолжетімділік барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне берілді.
— Жаңа кодексте мүгедектігі бар жандардың мәселесіне басымдық берілгенін білеміз. Бұл ретте, аймағымызда қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, жаңа құжат жарымжан жандардың мәселесін шешіп бере алды ма?
— Әрине, әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар жандардың жайлы өмір сүруі үшін мүмкіндіктер жасалуда. Мәселен, 1 шілдеге дейін жарымжан жандарға жыл бойына 730 дана жөргек берілсе, қазір жылдық жөргектер көлемі 1460 дананы құрайды. Яғни, бұл көмек түрі екі есеге көбейді. Сондай-ақ, олар оны алу үшін бұрынғыдай өтініш жазбайды, әлеуметтік қызметтер порталындағы «жеке кабинетіне» қосымша жөргектер автоматты түрде қосылады. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектердің жеке көмекшілеріне зейнетақы жарналары, әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдері төленеді. Бұл төлемдер зейнеткерлікке шыққанда да есепке алынады. Сонымен қатар, ақыл-ой кемістігі бар балалар мемлекеттік бюджет есебінен санаториялық-курорттық емделуге құқығы бар. Ал мүгедектігі бар балаларды ертіп жүретін адам жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы санаториялық-курорттық емдеу қызметтері үшін кепілдік соманың 70 пайызын өтеуге құқылы.
— Кодекс бойынша халықты жұмыспен қамту жүйесіне қатысты бірқатар оң өзгерістер енгізіліп, «Мансап орталықтары» өз жұмысын бастады. Мұның тиімділігі неде? Облыста осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?
— ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде 2023 жыл-ғы 1 шілдеден бастап Павлодар облысы бойынша еңбек мобиль-ділігі орталығының» қалалар мен аудандардағы бөлімшелері – Мансап филиалдары болып құрылды. Ал халықты жұмыспен қамту орталықтары таратылды.
Айта кетерлігі, еңбек мобиль-ділігі орталықтарына жүктелген негізгі жаңа міндеттері мынандай:
— жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету;
— өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру;
— жұмыспен қамтудың белсен-
ді шараларын іске асыру және іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау;
— жұмыспен қамтуды қам-
тамасыз ету мақсатында аза-
маттардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын облыс деңгейінде үйлестіру;
— жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу;
— жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.
Жалпы, жаңа мансап орталықтарының басты мақсаты — өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Бұл жүйе жұмыспен қамту қызметін қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет тарапынан көрсетілетін еңбек делдалдығы бойынша қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары мансап орталықтарында жалғасуда.
— Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын мұқтаж жандардың санын қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Аталған мәселеге қатысты не айтасыз?
— Атаулы әлеуметтік көмек еңбекке қабілетті азаматтары бар отбасылар үшін өзара жауапкершілік негізінде ұсынылып келеді. Бірақ, күн тәртібінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы мәселе тұр. Сондықтан тұрақты және әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындарын ашу, қысқа мерзімді кәсіптік курстар, гранттар беру, жеңілдікті несиелеу сияқты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары арқылы аз қамтылғандарды санаттан шығару көзделуде. Яғни, масылдыққа жол берілмеуі керек. Дені сау азаматтар ел қатарлы адал еңбек етіп, тірлік жасауы тиіс.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Нұржайна ШОДЫР.