Енді еліміздегі зейнетке ерте шығатындар қатарына шахтерлер, металлургтер, рентгенологтар және зиянды еңбек жағдайында қызмет етіп жүрген басқа да мамандар қосылмақ.

Бұл туралы жуырда Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті. Қазақстандық шахтерлердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесіне қатысты тілшілер сұрағанына жауап берген министр:

– Жұмыс тобы ортақ консенсусқа келді. Премьер-Министр шахтерлердің 55 жастан зейнетке шығуы, кемінде 7 жыл еңбек өтілінің болуы, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының аударылуы сияқты алғашқы параметрлерді жариялап үлгерді. Жақын арада зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқан адамдардың саны жайында толық мәлімет береміз. Осы санатта тек кеншілер ғана емес, сонымен қатар басқа салалардағы металлургтер, денсаулық сақтау саласындағы рентгенологтар, МРТ-да жұмыс істейтіндер бар. Себебі, осы адамдар да медицина саласында күн сайын денсаулығына зиянды жағдайда қызмет етіп жүр, – деді министр. Оның айтуынша, тиісті еңбек өтілі болған жағдайда шахтерлер 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін. Аталған өзге-рістер 2024 жылдан бастап күшіне енуі ықтимал. Қазір қаржыландыру көлемі есептеліп жатыр.

– Бұл мәселе шешілді, барлық негізгі шарттар, параметрлер кейінірек толық жарияланады, – деді Тамара Дүйсенова.

Өз тілшіміз.