Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының финалистері марапатталды. Байқауға жалпы 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Алайда ақтық сынға тек жүзден жүйрік атанған 13 отбасы жетті.

«Кенжекөл жастары» бірлестігінің үйлестірушісі Жұлдыз Молдыбаеваның сөзінше, жыл сайын ұйымдастырылатын бай-қаудың биылғы ерекшелігі – сайысқа 10 жыл.

– Сайысқа қатысушылар арасында ұстаздық, дәрігерлік жолды таңдап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан отбасылар болды. Үздікке ілінген әулеттер белгілі бір маман иелері, қазақы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, түрлі жетістікке жеткен деген негіздер бойынша таңдадық. Қазылар алқасының құрамында аймағымызға белгілі қоғам белсенділері, ұлт жанашырлары және мәдениет өкілінің қызметкерлері болды. Іріктеу кезеңі тамыз айының басында өтті. Өтінім бергендердің арасынан үлгілі деген 27 отбасыны таңдап алдық. Оның 13-і ақтық сынға жетіп, дәрежелі орындармен және аталымдармен марапатталды. Болашақта жастар арасында да жанұялық шаралар өткізу ойда бар, – дейді Ж.Молдыбаева. Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды Баянауыл ауданынан келген Мұрсаловтар отбасы, 2-орынды Май ауданының Тулкиндер отбасы иеленсе, 3-орынға Ахтановтар жанұясы лайық деп танылды. Бірінші орынға ие болған Мұрсаловтар әулеті ұстаздық жолды таңдаған отбасылардың бірі. Шағын мемлекетте тәрбие алған қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айнагүл Мұрсалованың айтуынша, «Мерейлі отбасы» байқауына олар алғаш рет қатысып отыр. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 193 жылды құрайды. Яғни үш ұрпақта ұстаздық етіп жүр.

– Байқаудың талаптарына сай болғандықтан қатысуға бел будық. Жалпы, бұл сайыс – ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырғандықтан бізде үлесімізді қосайық деп шештік. Ұстаздық жол біздің әулетімізде атадан әкеге, әкеден балаға жалғасып келеді. Одан бөлек, асық ату, көкпар секілді қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу мақсатында түрлі жарыстарға қатысып тұрамыз, – дейді ол. Енді Мұрсаловтар отбасы 9 қыркүйек күні Астана қала-сында өтетін республикалық байқауда аймақ намысын қорғайтын болады.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.