Бүгінде өңірдегі әлеуметтік нысандардың көлік паркі айтарлықтай жаңаруда. Конституция күніне орай облыс әкімі Асайын Байханов дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне жаңа 51 қызметтік автокөліктің кілттерін табыс етті.

Медициналық 31 темір тұлпар Ақсу қаласы мен Аққулы, Железин, Ертіс, Май, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандарына берілді. Аймақ басшысы бұл санитарлық көліктер ауыл тұрғында-рына көрсетілетін дәрігерлік көмектің сапасын арттыруға мол септігін тигізетінін атап өтті.

– Тұрғындардың өмірін сақтау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатты іске асыру үшін жыл сайын көліктерді жаңарту жұмыстарына басымдық береміз. Бұл бірінші және соңғы техникалар емес. Болашақта ауылдар 100 пайыз санитарлық көліктермен қамтылатын болады. Сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жұмыстар жалғасын таба береді, – деді Асайын Байханов. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, жыл сайын осындай реанимобиль көліктерін сатып алу жоспарлануда.

– Биыл ауылдағы емдеу мекемелері үшін 37 санитарлық көлік алсақ, келесі жылы тағы да 39 техника алу ойда бар. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін өңірдегі санитарлық автопарк толығымен жаңартылатын болады, – дейді аймақтың бас дәрігері. Айта кетерлігі, көліктер науқастарды жатқызып тасымалдауға ыңғайлы төсек-орынмен, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге арналған заманауи портативті медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұндай жаңа көліктерге ие болған аудандағы ақ желеңділер енді денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелер шешімін табатынын айтады.

– Қазіргі таңда Ертіс ауданындағы емдеу мекемелеріне тиесілі 16 көліктің 5-уі жарамсыз. Осы жолы біздің өңірге 4 техника бұйырып тұрғанына қуаныштымыз. Ауылдық жерлерде адам көп. Әсіресе, жасы үлкен қариялар жиі сырқаттанып қалады. Оларды жедел түрде аудан орталығына жеткізіп, медициналық көмек көрсету үшін көліктер өте қажет. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан медицина саласына айрықша көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бүгінде ауруханалар диагностикалық зерттеу-
лер жасайтын түрлі құрылғылармен толығуда. Дәрігерлердің жалақысы да өсті. Мұның бәрі халық денсаулығын көтеруге бағытталған игі шаралардың нәтижесі деп білемін, – дейді Ертіс аудандық орталық ауруханасының басшысы Қуандық Мұстафин. Мереке қарсаңында, сондай-ақ павлодарлық полицейлерге 20 патрульдік көлік берілді. Бұл техникалар да арнайы навигациялық жүйелермен, бейнежазба құрылғыларымен жабдықталған. Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жаңа техникалар тек Павлодар қаласының тәртіп сақшыларына ғана үлестірілетін болады.

– Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен «Сервистік полиция» пилоттық жобасы Павлодар қаласында жүзеге асуда. Жаңа техникалар осы жобаның табысты орындалуы үшін қажет. Көліктердің 12-сі учаскелік полицейлерге, 8-і патрульдік полиция қызметкеріне беріледі. Бұл – біз үшін үлкен қолдау. Барлық техника халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетеді, – дейді Жасқайрат Қайыров.

 

Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.