Көктемгі егіс науқаны қарқынды

Мау 18, 2026

Май ауданының диқандары көктемгі егіс науқанын дер кезінде бастап, оны ұйымшылдықпен әрі жоғары қарқынмен жүргізіп келеді. Осы жылы жалпы егіс көлемі 36 925, 2 гектарды құрап, ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыттарын кеңінен қамтып отыр. Егіс алқаптарында дәнді және мал азықтық дақылдарды орналастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Май ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, дәнді дақылдар 7 792,5 гектар алқапқа орналастырылуда. Оның ішінде бидай – 592,5 га, арпа – 1 750 га, қарақұмық – 100 га, ал негізгі үлесті тары – 5 350 гектар иеленіп отыр. Сонымен қатар, 300 гектар майлы дақылдар егіліп, күнбағыс, сафлор және зығыр сияқты маңызды дақылдар өндіріс құрылымын әртараптандыруға серпін беруде. Бұдан бөлек, 650 гектар картоп, 42,5 гектар көкөніс және 28 140 гектар жемдік дақылдар егілуде.

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану да басты назарда. Жалпы көлемі 2 461 гектарды құрайтын суармалы алқаптарда бірнеше ірі шаруашылық белсенді жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, «Май Агро-М» ЖШС – 726 га, «Ақжар Өндіріс» ЖШС – 480 га, «MY Feedlot» ЖШС – 1 200 га, сондай-ақ «Бағдат» шаруа қожалығы 55 гектар жерді игеруде.

Көктемгі дала жұмыстарына аудан бойынша 16 шаруашылық құрылымы жұмылдырылған. Олар 48 техника және 62 ауыл шаруашылығы агрегатымен қамтылған. Бүгінде техникалардың дайындық деңгейі 90 пайызды құрайды. Ал егіс науқанына қажетті 2 587,2 тонна тұқымның 89 пайызы толықтай қамтамасыз етілген. 1 мың тонна минералды тыңайтқыш жоспарланып, оның 61,6 пайызына келісімшарт жасалған.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан бөлінген 366 тонна арзандатылған дизель отынының 331 тоннасына өтінім беріліп, 211 тоннасы бойынша төлем жүргізілген. Бағасы литріне 270 теңгені құрайды. Қаржылық қолдау тетіктері де тиімді іске асырылуда. «Кең дала» бағдарламасы аясында 2 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жалпы сомасы 567 млн теңге көлемінде несие алып, көктемгі жұмыстарды қаржыландыруда. Қалған шаруашылықтар өз қаражаты есебінен егіс науқанын жүргізуде.

Айдана БОРАНБАЕВА.