Миллер салған мешіт

Мау 4, 2026

2021 жылы Ертіс ауданының Голубовка ауылында екі бірдей құлшылық орны ашылыпты деген хабар жұртты елең еткізіп еді. Оның бірі  мұсылман мешіті болса, екіншісі  православиялық шіркеу еді.  Алла үйіне ауылдың үлкендерінің ұсынысы бойынша «Абай» мешіті деген атау берілді. Ал ғибадат үйіне жергілікті кәсіпкер  Николай Миллер демеушілік етіп, ел алғысын арқалады. «Дін жолындағы демеушілік» айдары бойынша осы мешіттің салыну тарихын жазып, оқырман қауымға бөлісіп отырмыз.

Ауылға мешіт сыйлаған Миллер

Әдетте мұсылман мешітіне өзге дін өкілдерінің демеушілік жаса-ғанын көп кездестірмейміз. Бұл — біздің өңір үшін сирек кездесетін оқиға. Дегенмен, мұны зайырлы қоғамда ұлт пен этносқа, дін мен конфессияға бөлінбей, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай күн кешкен татулық пен тұрақтылықтың белгісі деп білеміз.

Осы мақаланы әзірлеу бары-сында алдымен Абай ауылдық округі Голубовка ауылының үлкен ақсақалдарымен, ел аға-
ларымен тілдесіп, мәселенің қалай басталғанын сұрап білдік. Ауылдың байырғы тұрғындарының айтуынша, мешіт салдыру мәселесі ертеден бері көтеріліп жүрген. Осы мәселенің басы-қасында Жабай Сұрағанов, Құдайберген Ақтанов, Абай Ысқақов, Қосман Жүсіпбаев, Қайдар Омаров және басқа да ақсақалдар болған. Сонымен, ауыл адамдарының бастамасы Ертіс ауданындағы алпауыт ауыл шаруашылығы тауа-
рын өндірушілерінің бірі, «Абай» ЖШС-нің директоры Николай Миллердің құлағына тисе керек. Кәсіпкер, өзі ниет етіп, екі бірдей ғибадат үйін салып беруге шешім қабылдайды.

— Ауылға бір мешіт пен шіркеу салу мәселесін өзім ұсындым. Содан кейін ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде талқыладық. Олар да қуана құптады. Мешіт ғимаратын салуға шамамен екі жылдай уақыт кетті. Құрылыс кезінде түрлі қиындықтар болды. Бірақ, бәрін ойдағыдай жеңдік. Құрылыста көп адам жұмыс істеді. Бәрінің еңбегін төледік. Құрылысқа қажетті қаражатты толығымен «Абай» ЖШС-нің есе-
бінен бөлдік. Басқа бірде-бір демеуші болған жоқ. Ол кезде Голубовкада шамамен 1,2 мыңдай адам тұратын.  Ауылдастарымыздың барлығы риза болды деп ойлаймын. Қазір ауыл тұрғындарының игілігіне жарап тұр, — деді ауылдағы мұсылман жамағатына мешіт сый-
лаған кәсіпкер Николай Миллер.

Ауыл тұрғындары да атсалысты

Куәгерлердің айтуынша, мешітке орын таңдау және құзырлы орындардың рұқсатын алуға қатысты біраз мәселе болған. Тіпті, жерінің құжатын рәсімдеудің өзіне бір-екі  жылдай уақыт кеткен.

– Әу баста бізге бұрын шұжық өндірісі болған орынды ескі ғимаратымен бірге беретін болды. Тіпті, ертеректе, Кеңес үкіметі тұсында салынған ескі ғимараты бар-тын. Бірақ, бұл біздің көңілімізден шықпады. Себебі, қаншама малдың қаны төгілген жерге ғибадат үйін салдыруға көңіліміз дауаламады, жүрегімізде бір жайсыздық тұрғандай болды. Сонымен, басқа орын сұрадық. Оған да бірталай уақыт жұмсап, әйтеуір таза жерден рұқсат алдық. Демеушіміз Николай Александрович те алғашқы сөзінен қайтпай, қандай мәселе болса да істі соңына дейін жеткіземіз деді.  Біз шынымен риза болдық. Себебі, ауданда басқа да ірі кәсіпкерлер бар. Бірақ, солардың бірде-бірінен мұндай ұсыныс көрмедік, — деп еске алды ауыл ақсақалы Жабай Сұрағанов.

Жабай аға — мешіттің орын таңдауынан бастап, есігі ашылғанға дейін жанында болған адам. Осы ауылдың төл-тумасы. Яғни, кіндігі сол Голубовкада қиылып, бүкіл қызығы мен қиындығын басынан өткізіп келе жатқан қария. Мамандығы – құрылысшы.

– Мен ол кезде зейнеткерлікке енді шығып жатқан едім. Мешіттің құрылысы басталар кезде мені құрылысқа жауапты азаматтардың қатарына шақырды. Сонымен, іске кірістік. Алғашқы іргетасын өз қолымызбен құйдық. Одан кейін Өзбекстаннан азаматтар келіп, үлкен құрылысты солар жүргізді. Біз материалдарын қабылдап, құрылысшылардың қолына салып тұрдық. Бұл сауапты іске ауыл тұрғындары да атсалысты. Атап айтар болсақ, мешіт ғимараты бой көтергеннен кейін арнайы қор жинап, қоршауын салып бердік. Ауылдағы ағайынның бір көмегі осы болды, – деді Жабай Сұрағанов.

Дінімізде тыйым жоқ

«Абай» мешіті 2021 жылы 21 қазанда, яғни, Рухани келісім күні қарсаңында ашылған болатын. Оған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, сол кездегі облыстық дін істері басқармасының басшысы Дәулет Закарияновтар қатысып, жергілікті жамағаттың қуанышымен ортақтасып, атсалысқан азаматтарға алғыс білдірген болатын. Бас имамның айтуынша, ізгілікті іс дін мен ұлтқа бөлінбейді. Біз діни сенім мен ұстанымға еркіндік берілген зайырлы мемлекеттер қатарында болғандықтан мұндай сауапты іс жасауға өзге діннің өкілдері де көптеп келеді.

– Біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені адам баласы қайырлы да ізгі амалдарымен ғана Жаратушыға жақындайды. Бұл жерде шариғатты айтпас бұрын, ауылға, елге қандай пайдасы бар деген сұраққа тоқталамыз. Қазақстан – көп этносты және көп конфессиялы мемлекет болғандықтан, елдің бірлігі мен ынтымағы өте маңызды. Осының барлығы сол бірлік пен ынтымақтың негізгі көрсеткіші болып саналады. Бұл мешітті салуға кәсіпкер өзі ниет білдірді. Діни басқарма ұсынысын қабылдап, рұқсатын берді. Себебі, шариғат бойынша ешқандай тыйым жоқ. Яғни, өзге діннің өкілі болса да мұсылманның игілігі жолында бір іс жасағысы келсе, құп көріледі. Мысалы, пандемия кезінде де талай адам мұқтаж адамдарға қол ұшын берсек деп келді. Біздің нұсқауымыз бойынша, жұмыссыз қалған мұқтаж отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек алып берді. Яғни, олар да мұқтаж жандардың дініне, ұлтына қараған жоқ. Сол секілді қайырымдылық жасағысы келген адамның да діні мен ұлтына қарамаймыз, — деді Жолдас Қоспақұлы.

Мешіт орталық жылуға қосылған

Үлкендер «біреуге жақсылық жасасаң, соңына дейін жаса» дегенді жиі айтады. Кәсіпкер Миллер мырза да осы қағиданы берік ұстанған болса керек. Мешітті «салып бердім, болды» демей, одан кейін ғимараттың жылуын өз мойнына түбегейлі алған. Яғни, ауыл мешіті қыста орталықтандырылған жылу қазандығы арқылы жылынады. Оның шығыны «Абай» серіктестігінің есебінен төленіп келеді. Сондықтан бұл ғибадат үйінің қызметкерлері қыста өзге әріптестері секілді ағаш пен көмір іздеп шаршамайды. Бір сөзбен айтқанда, «Абай» мешіті ауылдық жерде бола тұра орталық жылуға қосылған санаулы мешіттердің бірі деуге болады. Ал суы мен токтың шығынын ауыл тұрғындарының көмегімен төлеп тұрады.

Мешіт имамы қызметін Даулат Байзалитов есімді азамат атқарып келеді. Айтуынша, ғибадат үйінің жалпы сыйымдылығы 50 адам. жамағатпен намаз оқуға арналған залы бар. Сонымен қатар, имамның бөлмесі, дәрет алатын орындар қарастырылған. Жалпы, мешіттің дизайны батыс үлгісі негізінде жасалған.

– Мен бұған дейін Сілеті, Иса Байзақов ауылдарында жұмыс істеген едім. Қазір Алланың қалауымен «Абай» мешітінде ел игілігі үшін қызмет етудемін. Қай ауылды алып қарасақ та, мешіттің басты миссиясы – ел игілігіне жұмыс істеу, Алланың ақ жолын насихат ету. Әр жұма сайын Жұма намазын өткіземін, келген жамағатқа асыл дініміздің құндылығы туралы уағыз айтып, жақсылық, қайырымдылық, татулық сынды ұлы құндылықтарымызды барынша насихат етіп келемін. Біз ауыл тұрғындарымен бірлесіп, діни мерекелерді де жоғары деңгейде өткіземіз. Құрбан айт, Ораза айт мерекелері кезінде ауылдағы кәсіпкерлермен бірлесіп арнайы іс-шара ұйымдастырып, балаларға Айттың сыйлықтарын тарту етеміз. Осы арқылы олар да Айт мерекесінің қадірін түсініп, жыл сайын асыға күтеді, – деді мешіт имамы Даулат Қабылманапұлы.

Қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 2-аятында: «Бір-біріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» делінген.  Қазақта: «Жақсылық көрсең өзіңнен, жамандық көрсең өзіңнен» дейтін нақыл бар. Жоғарыдағы  айтқан мешіт-медресе салу, оның жағдайын жасау сынды жұмыстардың барлығы — түбі жақсылыққа әкелетін ізгі істер. Ал бұл жақсылықтың қарымын адам баласы Алладан да, адамнан да көретінін ұмытпайық.

Тілеуберді САХАБА.