Алдағы уақытта әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаж жандар жәрдем көрсетуші мамандарды өз қалауы бойынша таңдай алатын болады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, саладағы бұл өзгерістер арқылы әлеуметтік көмектің сапасын арттыру көзделуде.
— Әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, яғни, қызмет көрсететін ұйымдар мен жұмыс істейтін жекелеген мамандарды таңдау мүмкіндігі беріледі. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік қызметкерлер тізімі құрылады. Онда олардың біліктілігі, көрсететін қызметтерінің түрлері және атқарған жұмысының нәтижелері туралы жан-жақты ақпарат болады. Бұл қызмет түрі тұтынушыларына бәсекелестік ортада әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді, — дейді Альмира Дисюпова. Оның сөзіне қарағанда, көп кешікпей жұмыс берушілер тарапынан кадрлардың білім деңгейі мен дағдыларына қойылатын талаптарын көрсететін әлеуметтік қызметкердің кәсіби стандарты әзірленбек. Сонымен қатар, бұл салаға біліктілікті бағалаудың тәуелсіз жүйесінен өтіп, сертификатталған мамандар ғана жіберілетін болады. Соған сәйкес, ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі дайындалады деп жоспарлануда. Басқарма басшысы, сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік қорғау жүйесінде атқарылып жатқан жұмыс барысын да баяндады.
— Бүгінгі таңда облыстың әлеуметтік қамсыздандыру саласында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынатын 3 мыңға жуық маман еңбек етуде. Олар мүгедектігі бар балалар мен ересектер, қарттар және өзге де әлеуметтік қызметті қажет ететін көмекке мұқтаж жандарға жәрдем-
деседі. Әрине, мамандарымыздың жұмысы өте қиын әрі шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан да болар, осы салада еңбек ететін білікті қызметкерлер жетіспейді. Тіпті, бұл мамандыққа барғысы келетін жастар қатары да аз, — дейді Альмира Дисюпова. Ол соңғы кезде елімізде оңалту орталықтарының көп ашылып жатқанын, сол үшін мұндай мекемелерде қызмет істейтін мамандар ауадай қажет екенін де алға тартты. Қазіргі таңда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағында 9 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Олардың қатарында 6 стационар, 3 жартылай стационар бар. Мұнда барлығы 1291 адам еңбек етеді. Оның ішінде 645 әлеуметтік қызметкер аймағымызға қарасты қалалар мен аудандардағы көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуде. Биыл жыл басынан бері әлеуметтік қорғау саласының мамандары 10 мыңнан астам павлодарлыққа көмек көрсеткен.
Нұржайна ШОДЫР.