12 сәуір — Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні. Бұл атаулы күн 1968 жылдың қарашасынан бастап Халықаралық авиация федерациясының шешімімен бекітілген.

Бұл ерекше күн қазіргі күні ғарыш пен ғылым саласында қызмет ететіндердің салтанатты күні болды. Тұңғыш ғарышкер — Юрий Алексеевич Гагарин бұл сапарға қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан аттанды. Байқоңыр басты ғарыш айлағына айналып, ол жерден кеңестік кемелер, Ресей мен шетел кемелері ғарышқа аттанды.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 65-інші сессия-сында 12 сәуірді — Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деп жариялады. «1961 жылы 12 сәуірде адамзат ғарышқа алғаш рет ұшты. Ол сапарды Юрий Гагарин — Кеңес азаматы жасады. Осынау тарихи оқиға барша адамзаттың игілігі үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге жол ашты», — делінген құжатта.

Осы атаулы күннің Қазақстан үшін маңызы зор. Қазақ жерінен, яғни Байқоңыр ғарыш айлағынан осынау ұлы оқиғаның бастау алуы біздің халқымыз үшін ұлттық мақтаныш пен символдық мәнге ие.

Бүгінде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов тәуелсіз еліміздің ғарыш кеңістігін бағындыруда жаңа парақты ашты. Айта кетейік, 2015 жылдың қыркүйегінде ғарышкер А.Айымбетов Жер орбитасына ұшу барысында Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарыштық ғылыми бағдарламаларын жалғастырды.

Қазіргі уақытта еліміз ғарыш қызметі саласында тиімді саясат жүргізуде. Әлемнің ғарыш державалары біздің саладағы бұл жетістіктерімізді жоғары бағалауда және Қазақстанмен бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін игеру саласында тығыз қарым-қатынас жасауға ниет танытып отыр. Осы орайда елімізде қазір де ғарышты игеруге қатысты ауқымды жобалар жүзеге
асырылуда. Қазақстанда Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, тиісті жұмыстар басталғалы салада көп ілгеріледік.

 

Өз тілшіміз.