Өңірде шыбын-шіркейдің шығатын уақыты таяу. Қансорғыштардың санын азайтып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жыл сайын дезинсекциялық жұмыстар атқарылады. Биылғы өңдеу шараларының ерекшелігі қандай? Олар қаншалықты тиімді болмақ? Бұл туралы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаевамен тілдескен едік.

– Әйгерім Жаңбыртайқызы, биыл шыбын-шіркейден өңдеу жұмыстары қай кезеңде басталады және осы мақсатқа қанша қаражат қарастырылған?

– Ғылыми сүйемелдеу тобы қансорғыш жәндіктердің даму сатыларына фенологиялық бақылауларды бастады. Бұл жұмыс дезин-секциялық кезең аяқталғанға дейін жүргізілетін болады. Сонымен қатар, дезинсекциялық жұмыстар Ертіс өзені бассейнінің климаттық жағдайы мен су шаруашылығы жағдайына байланысты шамамен сәуір айының соңына қарай іске аса бастайды.

Қазіргі уақытта алдағы дезин-секциялық кезеңге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл салаға қаражат жеткілікті деңгейде бөлі-нуде. Мәселен, дезинсекциялық жұмыстарға 2 млрд 920 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оған авиаөңдеулер, өзенді өңдеу, тосқауылды өңдеу жұмыстары кіреді. Ұшақтарды жалға алу, препараттарды сатып алу және тасымалдау шаралары да бар. Одан бөлек ғылыми сүйемелдеу бағытына 95 млн теңге бағыт-талмақ. Бұл осы дезинсекциялық жұмыстарды ұйымдастыратын ғылыми қызметкерлерге және оларды техникалық-материалдық қамтамасыз етілуге жұмсалмақ.

– Биыл қанша аумақ жерде өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде?

– Осы жылы авиаөңдеудің жалпы ауданы 127 мың гектарды құрайды. Былтыр мұндай жұмыстар 71,5 мың гектар жерде жүргізілген еді. Яғни, биыл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектар артық өңделмек. Атап айтқанда, Павлодар қаласы бойынша 32 мың, Ақсу қаласы бойынша 15 мың, Ақтоғай мен Тереңкөл аудандарының әрқайсысынан 20 мың гектар жайылма учаскелері өңделеді. Сондай-ақ, алғаш рет Ертіс ауданынан 10 мың және Павлодар ауданынан 30 мың гектар көлемінде жайылмаларда дезин-секциялық шаралар өтеді. Бұл аудандарды өңдеу қажеттілігі жергілікті жердің төмен рельефімен байланысты таңдалды. Әуеден өңдеуден басқа, мердігерлік ұйымдардың күшімен жағалаудағы Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар және Ертіс аудандарында тосқауылды өңдеу жұмысы жүргізілетін болады. Қалалардағы саябақтар, скверлер мен квартал ішіндегі учаскелер бұрынғыдай қалалық мердігер компанияларға бекітілген.

– Өңдеу жұмыстары үшін қандай препараттар таңдалды? Олар қандай көлемде қолданылады?

– Өткен жылы дезинсекциялық кезең аяқталған соң ғылыми сүйемелдеу тобы 2024 жылғы дезин-секциялық кезеңге ұсынымдар берген болатын. Соған сәйкес техникалық сипаттамаларға өзгерістер енгізілді. Техникалық сипаттаманың талаптары бойынша bacillusthuringiensis var.israelensis бактерияларына негізделген биологиялық препарат қолданылады. Ол – қоршаған ортаға қауіпсіз, экологиялық таза өнім. Жалпы, негізгі талаптардың бірі – химиялық препараттарда Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одағының аумағында қолдануға рұқсаты болуы тиіс. Ал көле-міне келер болсақ, дезинсекциялық жұмыстардың аумағының ұлғаюына байланысты препараттардың көлемі де артты. Атап айтсақ, ағымдағы жылы 157 тонна биологиялық препарат, 11,4 мың литр химиялық препарат қолдану жоспарланған.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.