Тереңкөл ауданына қарасты Қызылтаң ауылында бұдан былай мәдени-сауық шаралары заманға сай салынған жаңа мәдениет ошағында өтеді. Бұл нысан шағын елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды.
Нысанның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі Азамат Манғұтов ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
— Тәуелсіздік жылдарында біз көптеген игі істердің куәсі болдық. Мемлекет ұсынған жаңа бағдарламалар аясында, Президенттің қолдауымен рухани-мәдени саланы дамыту мәселелері де оң шешімін тауып келеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында ауылға мәдениет ошағы тарту етіліп отыр. Енді осы шығармашылыққа жетелейтін шаңырақта таланттар қалыптасады деген сенімдемін, — деді аудан әкімі А.Манғұтов. Қызылтаңда 354 адам тұрады. Аталмыш елді мекен Байқоныс ауылдық округіне қарайды. Округтің әкімі Жұмабай Құсановтың айтуынша, кезінде Қызылтаңда кішігірім клуб болған екен. Бірақ, тоқсаныншы жылдары нарықтық экономикаға енген шақта клуб та бұзылып, талан-таражға түскен көрінеді. Яғни, Тәуелсіздік жылдары аталған ауылда мәдени ошақ болмаған. Енді қызылтаңдық тұрғындар жаңа ғимаратта өнер кештерін өткізіп, шығармашылықтарын дамыта алады. 100 орынға шақталған мәдени-сауық орталығы 590 шаршы метрді алып жатыр. Ғимарат соңғы үлгідегі жиһаздармен, жаңа музыкалық құрал-жабдықтармен, қазақ ұлттық музыкалық аспаптарымен қоса қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш ғимаратта коммуникация орталығы ашылды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.