Өткен жылдың соңында облыс орталығындағы Сарыарқа ықшам ауданында төрт бірдей көп-қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша жаңа жыл қарсаңында баспана кезегінде тұрған 300-ден астам отбасы жаңа пәтерлеріне қоныстанды.

Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, бірінші және екінші топтардағы мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Тұрғын үйлердің кілтін салтанатты түрде тапсыру рәсіміне қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов кейбір үйлердің құрылысы тым ұзаққа созылып кеткенін айтып, кезек күтуде сабырлық танытқан тұрғындарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, аймақ басшысы бүгінгі таңда «Алюминстрой» мөлтек ауданындағы 160-қа жуық екі қабатты ескі үйлер сүріліп, орнына 42 көпқабатты тұрғын үй бой көтергенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Осы орайда әр отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар аса маңызды. Бүгін міне, мереке қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болып жатырсыздар. Осы мерейлі күнді асыға күткен отбасыларға жаңа үйдің кілттерін табыс етіп, құтты болсын айтамыз, – деді облыс басшысы. Мереке қарсаңында баспаналы болғандардың бірі — Александр Трофимов. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген ол, жетім балалардың бірі ретінде 15 жыл кезекте тұрғанын айтады.

– Мен бұл пәтерімді тұрғын үй кезегімен 15 жыл күттім. Үмітіміз ақталды. Міне, су жаңа баспананың кілтін қолымызға алып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Ата-анасыз қалған жетім-жесірлердің өтінішін ескеріп, осындай жағдай жасап жатқан Мемлекет басшысына, облыс басшылығына алғысым шексіз, – деді ол. Айта кетейік, пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлер Павлодар қаласындағы Осипенко көшесі, 8/3, 6/2, Ак.Шөкин көшесі, 154/3 және Расковой көшесі, 1/1 мекенжайларында орналасқан. Барлық тұрғын үйлер заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.