Кеше Құрбан айттың алғашқы күнінде сағат 07.00-де облыстың барлық мешітінде Айт намазы оқылды. Сондай-ақ, Павлодар қаласының іргесінде орналасқан «Құлагер» ипподромында құрбандық шалынды.

Облыс әкімі Асайын Байханов өңір тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

— Қасиетті Құрбан айт – жалпы адамзатты жақсылық пен ізгілікке, бауырмалдық пен имандылыққа жетелейтін мейрам. Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл етсін! Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт жүректеріңізге жарқын үміт ұялатып, ертеңгі күнге деген сенімдеріңізді нығайта түссін, – деді аймақ басшысы.

Таңғы сағат 7.30-да «Құлагер» ипподромында құрбандық шалу басталды. Малды арнайы оқытылған қасапшылар сойды. Орталық мешіттің наиб-имамы Қанат Қабаевтың айтуынша, құрбандықты офлайн да, онлайн да шалуға болды.

Содан кейін сағат 14.00-де қалалық саябақта «Құрбан айт – бақыт мерекесі» атауымен көпшілік шара басталды. Балалар арасында сайыстар ұйымдастырылып, ойындар ойнатылды. Игі шара жергілікті қолөнершілердің жәрмеңкесімен  жалғасты. Онда киім-кешектер, діни кітаптар, зергерлік бұйымдар және тәттілер ұсынылды.

Жәрмеңкеден жиналған қаражаттың көп бөлігі қайырымдылық қорына аударылатын болады. Балалар арасында құран, сүрелерді жатқа оқу жарысы бойынша және Мұхаммед Пайғамбардың өміріне қатысты викториналық сауалдар қойылды. Сауалдарға белсенді жауап берген және сүрелерді қатесіз жатқа айтқан бүлдіршіндер бағалы сыйлықтарға ие болды. Мешіт қызметкерлері уағыз айтты. Сондай-ақ, жиналған тұрғындарға жергілікті 7 мешіттің ұйымдастыруымен 20 қазан палау тегін таратылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.