Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында аймақ басшысы Асайын Байханов журналистика саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ павлодарлық қаламгер қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, оларға облыс әкімінің гранты табысталды.

Мұндай сый-құрмет мемлекеттік тілде жарық көретін өңірдің бас басылымы «Saryarqa samaly» газетінің жауапты хатшысы, тәжірибелі әріптесіміз Санитас Иманғазинаға бұйырды. Санитас Жеңісқызы аймақтың ата басылымында ширек ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында газет дизайнының жаңаруына,басылымның оқырман қауымға әдемі қалпында ұсынылуына атсалысып, сүбелі үлесін қосуда.

Аймақтың ақпарат саласында талмай еңбек етіп жүрген журналистерге алғыс білдірген Асайын Байханов:

– Журналистика саласы – қызығы мен қиындығы мол, жауапкершілікті қажет ететін қызметтердің бірі. Ақпараттық саясаттың негізін, қоғамды біріктіру, руханият пен патриотизмді арттыру жолында Ертіс-Баян өңірі қаламгерлерінің әрдайым рөлі айрықша. Сондықтан әрқашан жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен асулардан көріне берулеріңізге тілектеспін! – деді.

Өңір басшысы, сондай-ақ, қаламгерлермен болған мерекелік кездесу барысында Ертіс-Баян өңірінде журналистика мектебінің түп қазығы мықты екенін айтып, бүгінде көптеген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында павлодарлық тілшілер табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті.

Сонымен қатар, мереке қарсаңында Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің жауапты хатшысы Жассерік Сәдуақасов пен «Ертіс Медиа» ЖШС-не қарасты Pavlodarnews.kz сайтының шеф-редакторы Роза Мұстафина «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.

Ерен еңбектері еленіп, сый-құрметке бөленіп жатқан барлық әріптесімізді жетістігімен құттықтаймыз.

Н.АҚЫТЕГІ.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.