Павлодар облысының Ертіс жайылмасында шыбын-шіркейге қарсы әуеден өңдеу жұмыстары басталды. Аймақ басшысы Асайын Байханов Атамекен ауылының іргесіндегі басты аэродромды аралап, дезинсекциялық жұмыс тобының дайындығын тексерді.
Жайылма мен алқап-тарды өңдеу жұмыстары ғылыми қолдау тобының ұсынымына сәйкес атқа-рылады. Биыл да дәстүр бойынша ғылыми сүйемелдеу тобымен алдымен жағалау бойында орналасқан барлық аудандардағы Ертіс өзенінің жайылмасына фенологиялық мониторинг жүргізілді. Зиянкестерді улау кезінде «Бактицид» биологиялық препаратының 157 тоннасы қолданылады.
— Былтыр біз 70 мың гектарға жуық жайылма алқаптарын өңдедік. Ал биыл 127 мың гектар жер өңдеуден өтеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға артық. Сондай-ақ, биыл жайылманың 70-80 пайызын су басады деп болжанып отыр. Сондықтан авиа-өңдеу аймағы да ұлғайтылады. Бұл жұмыстарға 8 бірлік АН-2 әуеборттары жұмылдырылмақ. Олардың екеуі Павлодар қаласының әуеден өңделетін алқаптарын және Павлодар ауданының солтүстік бөлігі — Мичурин ауылынан Пресное ауылына дейінгі аумақты қамтиды. Тағы 2 борт Ақсудың жайылмасын және Павлодар ауданының Подстепное ауылынан Новоямышево ауылына дейінгі оңтүстік бөлігін қамтымақ. Бұдан басқа, бір-бір борттан Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар және Ертіс аудандарына жіберіледі. Биыл алғаш рет Ертіс және Павлодар аудандарының жайылмалары да әуеден өңделеді, — деді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.
Айта кетейік, биыл әуеден өңдеуден бөлек өзен жағала-уында орналасқан 59 елді мекенде күн сайын тосқауылдық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жіберілген су көлемінің артуына байланысты биопрепаратты құю нүктелерінің саны 8-ден 10 нүктеге дейін ұлғайтылды. Өзенді өңдеу жұмыстарының болжамды мерзімдері 16-17 мамырда басталады. Сондай-ақ, екінші кезең 26-27 мамырда жалғасып, үшінші кезең 10-15 маусымға жоспарланып отыр. Осы уақыт аралығында ұзындығы 200 шақырымнан асатын Ертіс өзенінің Белая, Подстепка, Теплая, Тюлька, Таллинка, Қара түн, Орловка тармақтары және 100 шақырымды құрайтын облыс орталығы мен Ақсу қаласының маңындағы ағыстар өңделеді.
Облыс әкімі Асайын Байханов бас мердігер «VиК ЛТД» ЖШС және «Биосфера» ғылыми сүйемелдеу тобымен іс-шаралар стратегиясы құрылып, жұмыс алгоритмі бекітілгенін атап өтті. Естеріңізге сала кетсек, бас мердігермен үш жылдық келісімшарт жасалған. Алайда, егер мердігер өз міндеттерін орындамаса, онымен жасалған шарт біржақты тәртіппен бұзылуы мүмкін.
— Өткен жылы әуеден өңдеудің тиімділігі 94 пайыздан асты. Биылғы жылы ғылыми топтың ұсыныстары бойынша биопрепараттармен өңделетін алқаптың аумағы екі есеге ұлғайтылды. Мамандармен биологиялық өнімді құю нүктелері және өзенді өңдеудің болжамды мерзім-дері анықталды. Бүгінгі таңда мердігер компания суспензияны толығымен дайындап қойды. Олар тек ғылыми топ дернәсілдің қоректену кезеңіне өткенін айтқан бойда өңдеуге кіріседі. Барлық кезеңдерді ғылыми топ сүйемелдейді. Барлық жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз. Мердігер ұйыммен үш жылға жасалған келісімшарттың жалпы сомасы шамамен 9 миллиард теңгені құрайды, яғни жыл сайын 3 миллиард теңге бөлінеді. Алайда, нәтиже күткенге сәйкес келмесе, келісімшарт бұзылуы мүмкін. Тапсырыс беруші егер мердігер шарттарды орында-маған жағдайда келісімшартты біржақты тәртіпте тоқтатуға құқылы. Жауапты компания өкілдері дернәсілмен күрестің кем дегенде 80 пайыз тиімділігін қамтамасыз етуі керек, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, демалыс күні аймақ басшысы мамандармен бірге Аққулы, Май, Павлодар аудандарының және Ақсу қаласы ауылдық аймақтарының жайылма алқаптарын әуеден бақылады. 10 сәуірден бастап бекітілген кестеге сәйкес су қоймаларының жоғарғы Ертіс каскадынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберіле бастады. Негізгі кезеңі 13-30 сәуір аралығында жоспарланған, су 12 тәулік бойы секундына 3500 текше метрден жіберіледі. Жалпы бекітілген көлемі — 6,2 текше шақырым. Табиғатты қорғау мақсатында жіберіліп жатқан су ағыны бүгінгі таңда Ертіс өзенінің төменгі ағыс бөлігінде байқалып, Павлодар, Ақсу қалаларының және Павлодар ауданының жайылмаларын толтыруда. Алдын ала есептеулер бойынша, жайылманың 75-80 пайыз алқабын су басады. Жалпы жоспарланған 6,2 текше шақырым көлемнен қазірдің өзінде 4,6 текше шақырымы немесе шамамен 74 пайыз су жіберілді. Қазір облыстың жайылма алқаптарының шамамен 64 пайызын су басты. Бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе артық. Табиғатты қорғау мақсатында жіберіліп жатқан су ағынын бақылауды жалғастырылып, соған сәйкес дезинсекциялық жұмыстардың жоспарына түзету енгізілмек.
А.МҰҚЫШЕВ.